Адам тани білесіз бе?

Адам тани білесіз бе?

Өмірдегі ең қиын дүниелердің бірі – адам тану. Адам таңдаудан қателесіп, қаншама рет санымызды соғып қалып жатамыз. Ал енді біріміз бір көргеннен-ақ адам тану қасиетіне иеміз. Алғашқы қатарда болсаңыз, олқылығыңыздың орнын түзеуге асығыңыз. Ал төмендегі кеңестер тек сіз үшін!

1. Тәжірибе. Адамдарды айыра алу үшін, ең алдымен жетілу, кемелдену керек. Яғни, бұл көре, жүре келетін, сіңетін қабілет деп айтар едік. Тек қана жасқа байланысты емес, тәжірибемен де ұштасады. Адам табиғатына үңіле білу керек. 

2. Ұқсастық. Адам баласы көбіне өзге адамды түсіну үшін бір жақты көзқарасқа жүгінеді. Өзімен салыстырады, өз ойларын ортаға салады. Бұл қателік. Ешбір адам бір-біріне ұқсамайды, әр адам – жеке тұлға. Сол себепті, өзіңізді оның орнына қоя біліңіз. Кім білсін, алдыңыздағы адам барлық асыл қасиеттердің иесі болар...

3. Өзіңді тану. Өзгеден бұрын өзіңізді таныңыз. Сіз қандайсыз? Қандай адамдардың қатарындасыз? Қандай адамдармен қарым-қатынас жасағыңыз келеді? Өзіңізді түсінбей жатып, өзгені қабылдау мүмкін емес нәрсе және үлкен қателіктерге апарып соқтырады.

4. Жеке қасиеттер. Тәжірибелік жұмыстар ашық мінезділердің адамдарды жақсы танитындығын көрсетеді. 

5. Тыңдау. Аз сөйлеп, көп тыңдаңыз. Өзіңізді қызықтыратын сұрақтарды еркін қойып отыруға қысылмаңыз. Және ұсақ-түйекке дейін сараптауды үйреніңіз.

6. Қиындық. Кімнің кім екені басқа іс түскенде ғана анықталады. Қарапайым күндері адамдардың бәрі жақсы, бәрі идеал. Ал нағыз өзін көрсету керек болғанда, жақыным дегендеріңіздің бәрі қашып кетіп жатады. Әрине, солай екен деп, жаңа сынақтарды ойлап табудың керегі жоқ, тек аңғарымпаз болыңыз.

7. Шыншылдық. Қарым-қатынаста қарапайымдылығын жоғалтпайтын және әрдайым шындықты айтатын адамға қай кезде де сенім артуға болады. Дәл осындай адамдар саған бірінші болып қол ұшын соза алады.

Ал сіз адамды дұрыс тани аласыз ба? Қандай әдістерді қолданасыз?

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vitamarg.com