Кездесуде не туралы айтуға болады?

Кездесуде не туралы айтуға болады?

Көптеген қыздар мен жігіттер кездесу барысында не айтуға болатындығын, қандай тақырыпты қозғаған дұрыс екендігін білмей жатады. Әрине, кездесуге киетін киім, макияж, кездесетін орын, таңдалатын тағам – бәрі де маңызды.

Бірақ қарым-қатынастың баянды болуы үшін ең керегі – орынды тақырыпта сөйлесу. Сондықтан да, бүгін кездесудің сәтті өтуіне септігі тиетін тақырыптар туралы талқылайтын боламыз.

Қобалжуды жеңу. Қыздар да, жігіттер де кездесуге келген серігін шошытып алмайын деген қорқыныштан, қобалжудан қандай әңгіме бастау керек екендігін білмей әбігерге түседі. Барлық сәтсіздіктердің себепкері – осы сезімдер. Сізге еркін бола түсу керек, өзіңіз қалайтын тақырыптарды бастап кетіңіз. Жасандылық қажет емес, өзіңізден айнымаңыз. Әрине, жеке құпияларыңыз бен ауыратын жерлеріңіз туралы айтуды кейінге қалдырғаныңыз дұрыс.

Өзіңіз сүйетін тақырып. Аузыңызға ештеңе түспей жатыр ма? Өзіңіз жақсы меңгерген, күндіз-түні шаршамастан айта беруге даяр тақырыбыңыздың шетін ұстаңыз. Сөзден қақалмайсыз, кез келген сұраққа жауап беріп, жан-жақты екеніңізді байқатасыз. Қыздың немесе жігіттің қызығушылығы оянады.

Үндемей қалмаңыз. Кездесудегі басты мақсат – белгілі бір тақырып емес, жалпы, сөйлесу. Кейбір ұялшақ жігіттер мен қыздар қарым-қатынас жасаудың өзіне қорқып отырады. Өзіңізді дер кезінде қамшылап, айтар әңгіме табыңыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, сүйікті тақырыбыңызды анықтап алыңыз, қалғаны оңай болады.

Көп сөз – көмір. Үндемей қалу дұрыс емес, бірақ, артық қыламын деп тыртық қылып жүрмеңіз. Шектен тыс сөйлеп кету де – қателік. Өйткені, кездесу деген еркін, әдемі, мәдениетті өту керек. Серігіңізді зеріктіріп алудың арты жақсы болмайды. Алғашқы кездесу болса, отбасы, бала-шаға туралы сөз қозғаудан аулақ болыңыз.

Сұрақ қойыңыз. Тыңдай да, тыңдата да білген жөн. Сонда кездесу мәнді өтеді. Және сауалдар арқылы бір-біріңізді жақын тани түсесіздер. Бір жағынан, қыз (немесе жігіт) жауап беріп жатқанда, жаңа тақырыптар ойлап табуға уақыт пайда болады.

Тақырыптарды ауыстырып отыру. Кеш бойы бір тақырыптың айналасынан шыға алмау – сәтсіздікті шақырып тұр. Серігіңіз немқұрайлылық таныта бастаған сәтте-ақ келесі әңгіменің шетін шығара бастаңыз.

Әзіл айтыңыз. Кездесу қуанышқа, күлкіге, тәтті естеліктерге толы болса кермет емес пе? Сол себепті, ерінбестен бірнеше қалжың әңгімелер оқып алыңыз. Кейде қыздар мен жігіттер әзіл айта білу қасиетіне ғашық болып жатады.

Романтика. Нәзік жандылар қауымы романтиканы жанындай жақсы көреді. Және бұл кездесуде міндетті түрде көрініс табуы керек. 

Өз қызығушылықтарыңыз бен жоспарларыңыз. Алғашқы кездесу болмаса және қызға сенетін болсаңыз, өз идеяларыңыз бен жоспарларыңызды айта отырыңыз. Бұл сіздің салмақтылығыңызды, дұрыс ойда екендігіңізді көрсете алады.

Музыка және кино. Егер сіз музыкамен айналысатын немесе қызығатын болсаңыз, қызықты фильмдерді жиі қарап тұру әдетіңізде болса, дәл осы туралы әңгіме кездесудің сәнін келтіре түседі. Мұның қыздар үшін қызықты болмауы мүмкін, бірақ, тәжірибеден өткізіп көруге болады.

Кітаптар. Оқығанды ұнататын, жақсы білетін қызықты кітаптарыңыз бар болса, бұл да жаман тақырып емес. Ортақ қызығушылықтарыңыздың пайда болуы ғажап емес.

Әрине, біз ұсынған тақырыптардың шеңберінен шықпа деп ешкімге талап қоя алмаймыз, әркімнің өз талғамы, өз стилі болады. Дегенмен, кездесудің арнайы жоспары болғаны ешқашан артықтық етпейді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com