Төтенше жағдайларда жылдам әрекет ету жолдары

Төтенше жағдайларда жылдам әрекет ету жолдары

Өмірдің төтенше жағдайларына тап болсаңыз, еш уайымдамаңыз. Дұрыс әрекет әрдайым табылады. Бастысы – сабырлық сақтап, жылдам әрекет ете білуіңіз. Көпшіліктің ортасында қалып қойсаңыз, ұрылар, қар көшкіні секілді жағдайларға тап болсаңыз, төмендегі кеңестерімізді пайдаланыңыз.

1. Қысым көрсетілсе


Мұндай оқиғаға мысал ретінде жақында өткен Прайм Плаза сауда орталығындағы жағдайды алуымызға болады. Бастысы жерге құлап қалмай, аяғыңызда тұру. Құлап қалған жағдайда көпшіліктің астында қалып қоятындығыңызды ұмытпаңыз. Егер құлап қалсаңыз, аяғыңызды кеудеңізге бүгіп, қолыңызбен басыңызды жабыңыз. Басыңызды көпшілік ұмтылып жатқан жаққа қарай бұрып, орныңыздан тұруға әрекет жасаңыз.

Өрт болған жағдайда түтін алдымен жоғарғы жаққа таралатын болғандықтан, жерге отыруға тырысыңыз.

 2. Иттер тістеуге әрекет жасаса


Ұзақ жылдардан бері досымыз болып келе жатқан иттердің аяқ астынан дұшпанымызға айналып кетіп жататын сәттері жиі болады. Мұндай жағдайда, оларға көзіңізбен тіке қарамаңыз. Айғайлап, іштегі үрейіңізді де көрсетпеңіз. Сіздің қорықпайтындығыңызды көріп тиіспеуі мүмкін.

Иттің арт жағыңызда орналасуына мүмкіндік бермеңіз. Сізді айналшықтайтын болса, онымен қоса айналыңыз. Қолыңызда қолшатыр секілді заттар болса, алды жағыңызға қаратып ұстаңыз. Әрдайым бет, кеуде, тамақ секілді дене бөліктерін қорғай біліңіз. Саусақтарыңызға зақым келмес үшін бүгіп алыңыз.

3. Қар көшкіні


Қар көшкінінен озам деп ойламаңыз. Сіз шаңғымен қашсаңыз да, құтыла алмайсыз. Сол себепті көлденең жолай қашуға тырысыңыз. Мұндай мүмкіндігіңіз болмаса, бетіңізді қолыңызбен жауып, аузыңызға артық ауа толтырыңыз. Босқа айғайламаңыз, бұл оттектің артық мөлшерде жұмсалуына алып келеді. (Ол сізде онсыз да аз).

4. Найзағай соққанда


Жазық жерге жүресінен отырыңыз. Денеңіз жерге толығымен тимейтіндей етіп, барынша төмен отыруға тырысыңыз. Артынша құлағыңызды жабыңыз. Қатты соққан найзағай құлақ барабандарына зақым келтіруі мүмкін.

5. Торнадо


Табиғаттың мұндай құбылысы шет елдерде көбірек кездеседі. Мұндайда бастысы өзіңізге қолайлы жер табу. (Ол көлік болуы мүмкін). Оны тауып алған соң құйынның бағытын анықтап, көліктен түсіп кері бағытта жүріңіз. Әдетте құйын сағатына 100 шақырым жылдамдықпен қозғалатындықтан жылдамдығыңызды арттырыңыз. Ештеңе көмектеспеген жағдайда жерге жатып, басыңызды қолыңызбен қалқалаңыз.

6. Толқын


Толқынды жүзіп өткен дұрыс. Мұндай мүмкіндігіңіз болмаса, қолдарыңыз бен аяқтарыңызды созып, толқынның соққысын қарсы алуға дайындалыңыз. Сабыр сақтап, терең демалыңыз. Толқын ары-бері лақтырғанда, дүрбелеңге салынбаңыз. Су бетіне шығуға ұмтылып, бұл жағдай бірнеше рет қайталанатынын ескеріңіз.

7. Таудан құлау

Биік таудан құлап бара жатып, бір нәрседен ұстап қалуға ұмтылмаңыз. Бұл жаңа көшкіннің бастауына себеп болуы мүмкін. Иегіңізді кеудеңізге басып, аяқтарыңызды тежегіш ретінде пайдаланыңыз. 

8. Жазда шет ел жағажайларына демалысқа баратындар үшін


Медуза тістеп алса

Жылдам жағаға жетіп, тістеп алған жерлеріне құм себіңіз. Емдеуге ыстық судың пайдасы зор. Олар кепкен соң кредиттік карта секілді заттармен орнын ақырындап тазалаңыз. Бұл әрекет бір бағытта орындалуы тиіс. Қатты батырып қырсаңыз, теріңізге зақым келеді.

9. Мұз астына түсіп кетсеңіз

Тиімді екендігін білетіндіктен, қайдан келсеңіз, сол жолмен қайтыңыз. Жақын маңайда көмектесетін адам болмаса, бар үмітіңіз білектеріңізде. Оны мұзға тіреп, аяқтарыңызды шығарыңыз. Жағаға шығарда жүрместен, еңбектеп барыңыз.

10. Орманда адасып кетсеңіз


Адасып жүріп қай жағына барсаңыз да, артыңызға белгі тастап кетіп отырыңыз. Ол үшін жапырақтар мен тастарды, ағаштың бұталарын пайдалансаңыз болады. Ағаштың басына шығып, жан-жақты бақылап көріңіз. Өзен тапсаңыз, соның бағытымен жүріңіз. Әдетте өзендер қалаға немесе бір ауылға бағытталады. Егер жақын маңда өзен болмаса, түзу жүріп, бағытты күн арқылы анықтауға тырсыңыз.

11. Көлігіңіз суға түсіп кетсе


Абайсызда суға түсіп кетіп, судан шығуға 90 секунд қана мүмкіндігіңіз болса... Көліктің есігі ашыла қоймаса, терезесін ашып, белдікті шешіңіз. Терезелерді аша алмасаңыз, аяқпен немесе басқа да қатты затпен сындырып, сыртқа шығыңыз. Ойлануға көп уақыт жұмсамай, жылдам қозғалыңыз.

12. Өрт болған жағдайда


Адамдардың өміріне қауіп төндіретін от емес, түтін. Жоғарыда айтқанымыздай, төменде жүруге тырысу керек. Түтін, бу ең алдымен жоғарғы бөліктерге таралады. Есікке керегеге сүйеніп жүріп жетіңіз. Не істесеңіз де, газбен демалмауға тырысыңыз. Талып бара жатқаныңызды сезсеңіз, керегеге қырыңыздан жатуға ұмтылыңыз. Мұндайда өрт сөндірушілер жылдам табады.

13. Аяғыңыз жансызданып қалса


Суда жүзіп жүргенде аяғыңыз жансызданып қалуы мүмкін. Мұндайда ең бірінші жағаға қарай арқаңызбен жүзіңіз немесе аяғыңызға жан кіргенше, сол жерде күтіңіз.

14. Қақалып қалсаңыз

Мұндай жағдайда қоғамдық ортада болсаңыз, сол жерде қалуға тырысыңыз. Біреудің көмектесетіні анық. Жалғыз болған жағдайда, кіндік пен қабырғаларыңыздың дәл ортасын қатты ұрыңыз. Нәтижесінде ішіңізде ауа пайда болып, тамағыңызға кептеліп қалған затты итеріп шығарады.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rumbur.ru

Қ. Бүйенбай