Менің жігітім - еріншек...

Менің жігітім - еріншек...

Көп қыздар жігіттерін еріншек, жалқау, өзі үшін де, екеуінің қарым-қатынасы үшін де ерекше ештеңе істемейді деп айыптайды. Бірақ көп жағдайда бұл еріншектікке еш байланысы жоқ екен. Мәселені қарастырайық.

"Жігітім демалыс күндері ерекше кездесулер ұйымдастырмайды, екеуміз үшін қызықты ештеме ойлап тапқан емес. Қыдыратын жерлерді мен ұсынып, өзім апарамын. Неліктен ынта әр уақыт менен болуы керек?"

Жігіттерінің ынтасы, қиялы жоқ, апаратын жерлері бірсарынды, ал сыйлықтары гүл мен шоколад қорабынан басқа еш нәрсе болған емес деп құрбыларына айтатын қыздар қаншама. Бірақ мәселе жігітте емес, өзіңізде. Есіңізге түсіріп көріңізші, енді кездесе бастаған кезде ол артыңыздан жүгіріп, кездесу жайлы түрлі ұсыныстар айтып, махаббат өлеңдерін оқып, түрлі "ессіздіктер" жасаған болар. Уақыт өте, сіз әдейі емес болса да, оның ұсыныстарын өзіңіздің қалауларыңызбен алмастырып, тізгінді өз қолыңызға алып алған боларсыз. Әсіресе бұл бәрін өз назарында ұстағысы келетін қыздарға тән. Жігіттің де бұндай рөлдердің бөлінуіне бірден үйреніп, сізге бөгет істемей жүргеніне қалай шағымдана аласыз?

Оның бұрын-соңды айтқан ұсыныстарын еске алып, кезінде бас тартқан кездесулер мен "ессіздіктерді" өзіңіз ұсыныңыз. Бұл оның бастамасы екендігін қайталап, рахметіңізді аямаңыз. Қызығушылықтарыңды бөлісе алатындығын аңғарған жігіттің ұсыныстары ертеңіне өзендей ағады.

"Менің жігітімнің еріншектігі оның сыртқы келбетінен-ақ байқалып тұр. Оның айтуынша еркектер табиғатынан сұлу, ал бетін күтіп, сәнге қарап киінетіндердің барлығы – қызтеке. Оны қалайша өзін күтуге итермелеуге болады?"

Мұнда да мәселе еріншектікте емес, қате пікірде болуы мүмкін. Жігіттердің ойлауынша, қыздарға дөрекі, мықты, қысқасы нағыз еркектер ұнайды. Ал өзін күту, сәнді киіну кемшіліктерді мойындау деп біліп, одан аулақ болады. Жігіттің осыған қатысты ойын өзгерту өте қиын бола алады. Оған "Мен сенімен басқалардың көзіне көрінуге ұяламын" сынды сөздер ауыр тиюі мүмкін, сондықтан барынша жұмсақ болып, мәселені ашық айтпаңыз. 

Мәселенің жақсы, оңай шешімі бар. Дүкендерді аралауға бірге барып, оған киімді таңдауға көмектесіңіз. Бастысы оның үстіне қаламаған киімін кигізбей, оның талғамы мен өмір тәртібін негізге алып киім таңдаңыз. Әрине жігіттер үшін ыңғайлылық киім таңдауда басты талап, киімнің барынша ыңғайлы болғанын қараңыз. Жігітке ала, түсті, ерекше креативті киімдер алғанша, классикалық түстегі әр жігітте болуы керек киімдер таңдап беріңіз. Қара, қоңыр, қара көк түсті қарапайым күнделікті киімдер алсаңыз, ертең мұның бәрін өзі-ақ үйлестіріп кие алады. Мерекелік күндері жігітіңізге қажетті заттар (киім не өзін күтуге арналған заттар) алып тұрыңыз. Мысалы жігіттің әмияны ескі болса, өзіңіз жаңартып беріңіз. Осылайша бірте-бірте жігітіңіз сәнқой болып кетпесе де, ұқыпты киініп, өзін күтуді үйренеді.

"Туған күніме тағы да әтір сыйлады. Ал мен әуе шарындағы романтикалық серуенді армандаған едім. Неліктен оның дым қиялы жоқ?"

Әрине кезекті әтір ақшалай сыйлықтан да пайдасыз бола алады. Қалтаңа ақша салып "Сен менің ақылдымсың, өзіңе осыған бірдеңе ала сал",–дейтін жігіттер де бар. Шіркін, романтикалық кездесу үстінде армандағы сыйлықты алуға не жетсін? Қызықсыз, бірсарынды сыйлықтардан шаршасаңыз, қалауыңызды айтудан басқа амал жоқ. Жігіттер телепатия, ымдау мен басқа да белгілерді еш түсінбейді, қалаған сыйлықты алу үшін оған соны жай ғана айту керек. Романтика қайда деп ойлайсыз ба? Ғалымдардың айтуынша, өз жарын бақытты қыла алатын жігіт нағыз романтиканы сезінеді екен. Сіз де қалаған сыйлықтарыңызды алғанда бақытты болмайсыз ба?

Ал тосын сыйларды жақсы көретін қыздар "сыйлықтар тізімін" жазып, оны жігітке ұсынуға болады. Тізімді жазғанда еш ұялмай, көліктен бастап "мені қолыңа көтеру" деген ессіздіктерге дейін жазыңыз. Нәтижесінде тосын, бірақ қалаған сыйды аласыз.

"Менің достарыммен отырғанда нағыз еріншектің өзі болады. Аузы бұртиып, бұрышқа тығылады да қалады. Неліктен менің жақын құрбыларым мен достарыма көңіл бөлгісі келмейді?"

Сіз жігітіңіздің достарымен жақсы араласасыз, ал ол сіздің достарыңызбен дұрыс сөйлеспейді де. Бұл жағдайда жігітіңіз сіздің достарыңызды елемейді деп айыптау дұрыс емес. Ғалымдардың айтуынша, нәзік жандылар жаңа адамдармен танысып, сөйлесіп кетуі ер жігіттерге қарағанда оңайырақ. Қыздар өзін көп таныс емес адамдар арасында да жақсы сезінеді, ал жігіттердің жаңа адамдарға үйренуі ұзаққа жалғасып кете алады. 

Жігіттер әңгімеге құмар емес екендігі белгілі, сондықтан ол сіздің достарыңызбен тіл табысып кетсін десеңіз, оларды әңгімеге емес, футбол матчына не басқа ойынға жинаңыз.

Қыздар, жігітімізге төзімді қарап, оның кемшіліктерін бетіне баспай, қиындықтарды ақылмен шешуге тырысайық!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: Павел Шелковенко

С. А