Құрбыңмен татуласу үшін...

Құрбыңмен татуласу үшін...

Әр арудың өмірінде сүйікті жары мен туған-туыстарынан басқа жанына жақын, жан тыныштығы үшін өте қажетті басқа адам бар. Бұл – сіздің құрбыларыңыз. Кейде құрбылармен кездесуге уақыт жетіспей, араларыңыз алыстап кете ме? Осындай кездері құрбылардың көңілдерін бері қаратып, жоғалған қарым-қатынасты қайта жандандыру үшін кейбір айла-амалдарға бару керек болады.

Достар өміріміздегі ең қажетті адамдардың бірі болса да, олар әр уақыт байланыста болуды талап етпейді. Сол себепті де өмірде орын алатын түрлі жағдайларға байланысты құрбылар арасы алыстап кетуі мүмкін. Сабақ, жұмыс, үй шаруалары, басқа қалаға (көшеге, мектепке, ЖОО-на) көшу немесе тұрмыс құру жан құрбыларыңызды ұмытудың себебі болмас үшін қарым-қатынастарды орнына келтіруге тырысыңыз.

Ал ол үшін...

Кешірім сұраңыз

Ең бірінші және қарапайым, бірақ көп жағдайда жасалынбайтын қадам – кешірім сұрау. Кез келген өкпелеп қалған адам сізден кешірім сөздері мен «Мен сені қатты сағындым, сен жетіспей жүрсің. Осыншама уақыт жоқ болып кеткенім үшін қатты ұялам» деген қарапайым, бірақ шын жүректен шыққан сөздерді естігісі келеді. Жақсы достарға осы бір-ақ сөйлем достасу үшін жеткілікті бола алады. Сіздің де арыңыз тазарып, енді ол құрбыңыздан ұялмайтын боласыз. Ал құрбыңызбен татуласып кететініңіз тағы да бір «бонус».

Байланыста болуға тырысыңыз

Бұрыннан араласпаған құрбыңызға қоңырау шалып, кездесіп, кешірім сұрап татуластыңыз делік. Енді онымен байланыста болуға тырысыңыз. Кездескеннен кейін екінші күні қоңырау шалу ыңғайсыз ба? Ендеше қоғамдық желілерге жазып не кездесуде түскен суреттерді жүктеңіз. Қоғамдық желілер – достармен жылы қарым-қатынасты сақтаудың жақсы құралы.

«Пара» беріңіз

Бұл мәселені «парасыз» шеше алмайсыз. Құрбыңызды сізден жақсы ешкім білмейді, сондықтан оған лайықты сыйлықты оңайлықпен таба аласыз. Мейлі ол бір кесек шоколад не косметика болсын, құрбыңыздың көңілін жібіте алатын зат алып, кешірім өтініп тұрған көзқараспен қараңыз. 

Осы шаралардан кейін құрбыңыздың көңілі жақсарып, достасып кетсеңіз, қарым-қатынастарыңызды әрі қарай дамытып, жиі сөйлесіп, кездесіп тұруға тырысыңыз. Қолдары ылғи бос емес қыздарға аптасына бір күнін «Құрбылар күні» деп жариялап, құрбыларына қоңырау шалып, кездесулер ұйымдастыруға кеңес береміз.

Егер бұрынғы құрбыңыз сіздің амалдарыңыздан кейін де жібімесе, оның бойындағы реніш, қызғаныш сізден емес, өзінен болар? Ендеше кінәні өзіңізден іздемей, бұл достыққа нүкте қойғаныңыз жөн. 

Ал сіздер құрбыларыңызбен қалай татуласасыздар?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А