Ұмыт болған әдептер

Ұмыт болған әдептер

Қарбаласқа толы күн кейде бізді сыпайылық пен әдептіліктен жұрдай етіп жатады. "Уақытымыздың жоғы" да, "көңіл-күйіміздің төмендігі" де, "денсаулығымыздың болмай тұрғандығы" да түсінікті жәйт. Әйткенмен кез келген жағдайда әдеп пен сыпайылықты ұмытпау керек. Өйткені адам әдебімен сүйкімді. Адамдар өзінің жасаған ісі арқылы өзгенің есінде қалады. Біреуді айтқанда бізге оның ең алдымен қылығының елестейтіндігі осыған айнытпас дәлел бола алады. Сіз мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да, әлемнің әдеп заңында тұрақталып қалған талай әдептер бар. Әдепті болу арқылы адам өзін-өзі тәрбиелейді. 

Бұрындары әдеп өмірдің "желіміндей" болған еді. Бұл адамдардың бір-бірімен сыпайы қарым-қатынас жасап, артық қылыққа жол бермеуге итермелейтін. Өкінішке орай, бүгіндері әдептің арбасы кейінге қарай шегіне бастады. Ендеше қазір сіз бен біз бола отырып ұмыт болған көне әдептерді еске түсіріп көрейікші.

Бірінші ереже. Күйеу жігіттің киімі

Әлемдік әдеп бойынша, егер үйлену той кешкі сағат 6-дан кейін басталатын болса, күйеу жігіт смокинг кимеуі керек. Мұндай уақытта оған классикалық қарапайым костюм киюіне тура келеді. 

Екінші ереже. Есік ашу. 

Әлемдік әдеп бойынша, есік ашу қашанда ерлердің жұмысы болған. Ерлер әйел адаммен келе жатса ішке кіру үшін немесе сыртқа шығу үшін әйелдің алдынан есік ашып әдептілік көрсетуі керек. Ол әйелдің таныс не бейтаныс болуы мүмкін. Сонда да! Мұндайда әйелді тану міндетті емес. Әйел адамның алдынан есігі ашулы тұруы керек. Бүгіндері бұл әдептің көзі жойылып барады. Қазіргі таңда төмен етектілерге емес, қалталылар мен зиялыларға есік ашулы тұратын болды. 

Үшінші ереже. Алғыс хат.

Әлемдік әдеп бойынша, бұрындары өзіне сыйлық келген адам сыйлықты жіберушіге сол уақытта-ақ алғысын білдіріп хат жазып жіберетін. Ал бүгіндері мұндай жағдайды байқап жүрген қайсыңыз барсыз? Мүмкін бұл әдеп SMS хаттар мен әлеуметтік желілер арқылы жіберілетін хабарламаларға ауысып кетті ме екен?..

Төртінші ереже. Сыйлықты ескерту.

Әлемдік әдеп бойынша, тойға немесе туған күнге шақыру қағазына сыйлық жөнінде ескерту жасау асқан қателік. Тіпті шақыру қағазына "Маған ешқандай сыйлықтың керегі жоқ" деп жазудың өзі де қате.

Бесінші ереже. Маңызды уақытта қонақтарды тастап кету. 

Әлемдік әдеп бойынша, сізді қатты керек етіп тұрған және сіз үшін жиналған қонақтарды тастап кету үлкен әдепсіздік. Бұрындары үй иесінің құрметті қонақтарға толы өз үйінен кетіп қалуы зор мәдениетсіздік саналатын. Бүгіндері мұндайға ренжи қоятындардың саны аз. 

Алтынша ереже. Кездесуге уақытылы келу.

Бұрындары кездесуге кешігіп келген адамды "сыйламайды" дегенге жатқызушы еді. Ал бүгіндері кездесуге кешігіп келген адамның бітпейтін сылтауларын естіп алып, оларды кешіргендей бола саламыз. Бірақ кешігіп келген адамды ар алдында жазалауды қойғанбыз.

Жетінші ереже. Үйдің барлық мүшесімен бірге дастарханға жайғасу.

Отбасының үлкені мен кішісі қатар жиналғанда ғана ас басына отыру керек. Ал бүгіндері бұл әдептің қаншалықты сақталып жүргендігі өздеріңізге аян. 

Сегізінші ереже. Әйелдерден қарыз сұрамау.

Бұрындары ерлер қандай жағдай болса да, әйел адамдардан қарызға ақша сұрамауға тырысқан. Мұны өздеріне ар санаған олар қарызға сұрағанның өзінде ақшаны тез арада қайтаруға асыққан. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: liveinternet.ru

А. Әбілхан