Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Бойжеткен / Психология / Сен енді студентсің!

Сен енді студентсің!

Сен енді студентсің!

Құрметті жас дос, сен енді оқушы емессің. Сен он бір жыл бойы мектеп қабырғасында білім алдың. Енді сен мектеп табалдырығынан салмақты өмірдің табалдырығына қарай беттедің. Сен студент болу арқылы өзіңше өмір сүруді үйренесің.

Сен енді мектептің кітапханасы берген сегіз-тоғыз кітаптың ғана тапсырмасын орындамайсың. Өзіңше ізденесең, тың нәрсеге талпынасың. Енді бір аптадан соң сен өзіңдей көздері жәутеңдеген жастардың арасына барып, жаңа орта қалыптастырасың. Жоғарғы оқу орнының қабырғасына жаңа енген бірінші курс студентінің қаперіне мына кеңестерді ұсынамыз.

Еркінсіп кетпеу


Қалаға оқу деп келіп, өзін-өзі жоғалтып алатын студенттердің ізін жалғамауға тырыс. Мақсатың – жоғарғы білім алып, жақсы маман болуға талаптану. Осыны ұмытпа! Әрине, мұнда сені қадағалап отыратын үлкендердің болмауы мүмкін. Бірақ ақылың мен сабырыңды өзіңе қадағалаушы сезін. Үлкен қаланың жас бала жасаған әр іске күле қарай бермейтіндігін ұғын. Еркіндік осы екен деп есіңді жоғалта еріккендердің етегінен еріп кете бермегін. 1 курста өзіңнің жаңадан келген жеріңді жақсылап танып білгенше бәріне сене берме. Қыдырып, қала аралап, суретке түсуге әлі уақыт табылады. Түн уақытында үйде отыруға тырысқаның жөн.

Ерсі киінбеу


Иә, университеттер мен басқа жоғарғы білім беретін орындарда мектептегідей қатаң киім үлгісі бола бермейді. Бірақ "ақ пен қарадан құтылдық-ау" деп әлем-жәлем киімді іліп кете беруден аулақ болуға тырыс. Жоғарғы оқу орнында үлкен жастағы білім дәрежесі бар профессор оқытушылар жұмыс жасайтындықтан, ол жерді өзіңше сыйлауға тырыс. Қолыңнан келгенше классикалық үлгідегі киімдерден бас тартпа.

Оқуға қежетті заттарды түгендеу


Университетте сені ешкім кітапханадан кітап алуыңды қадағаламайды. Мұғалімдер белгілі бір-екі басты оқулықтар негізінде дәріс оқиды. Қалған тапсырмаларды басқа кітаптардан өзің тауып оқисың. Артыңнан кітап алғаныңды не алмағаныңды тексеретін кітапханашың да, сынып жетекшің де мектебіңде қалғанын түсін. Енді сенің арнайы кітапханаға кіруге арналған рұқсат қағазың болады. Сол бойынша оқытушы ұсынған кітаптарды алып, оқу жылы соңында сол күйінде қайтарасың. Оқушы кезіңдегідей бір сабаққа бір ғана дәптер арнамайсың. Бір сабақтың дәрісі бар, семинары бар, өздік жұмысың бар. Әрқайсысы үшін жеке-жеке дәптер арнауыңа тура келеді. Көптеген оқытушылар дәптеріңді мектептегідей жиі тексеріп, қызыл бояумен шимайлап баға қоймайды. Бәрін өзің үшін жазасың. Он бір жыл бойы күнделік толтырғаның да жетеді. Енді сен күнделіксіз-ақ өзіңнің сабақ кестең мен сабақтардың болу уақыттарын және тапсырмаларды өзің біліп жүруің керек. Бұл үшін сен оқып жатқан оқу орынның арнайы сайты да көмектесе алады.

Шынайы білім алу


Сен түскен оқу орынға өңшең өз мектебінің қаймақтары келіп түсуі мүмкін. «Алтын белгі» иегерлері арасында білім үшін бақталастық қыза түсуі заңдылық. Өйткені олар өз білім ордаларында көшбасшы болып үйренген. Мұнда келіп қаншама білімді балалар сынға түскенде оларда психологиялық тоқырау болуы әбден мүмкін. Білім үшін жарысу, әрине, жақсы. Тек сен мұғалімге жақсы көрініп, жоғарғы баға алу үшін ғана оқымауға тырыс. Бастысы – өмірлік кәсібіңе жеміс боларлықтай білім жинасаң болғаны.

Оқытушылардың алдынан талай студент өтті. Сондықтан олар сендердің білім дәрежелеріңді бірден-ақ біліп алады. Ештеңе білмесең оқытушының аузына ілесіп отырмағаның жөн. Ал білсең, оны айтатын өзіңнің арнайы уақытың болады. Ойыңды жасырма. Өзіңнің жеке көзқарасыңды айтып, оқытушыдан түсінбегеніңді сұрауға ұялма. Үйге берілген тапрсымаларға кең шеңберде дайындалуға тырыс. Басқа да қосымша материалдарды ақтарып, сабақ айтқанда соларды әр сөзіңе дәйек ете отыр. Оқытушылардың көбі семинар сабақтарында өздері дәрісте оқыған дүниден де тың нәрселер айтылғанын күтеді. Ізденімпаздық қай мұғалімге болса да ұнайтындығы сөзсіз. Сабақтарды таңдаған кезде мұғалімнің жайлылығына емес, сабақтың сапалылығына мән бер.

Оқу жүйесімен жақсылап танысу

Мектептегідей мұнда бір оқу жылы тоқсандық ауысымға бөлінбейді. Жоғарғы оқу орындарының оқыту жүйесі басқаша. Кредиттік жүйемен оқытатын университеттерде бал арқылы білімің бағаланады. Қыста және жазда екі сессиядан өту арқылы бір курсты тәмамдайсың. Бірден бара салып, осындай жүйелермен жақсылап танысып ал.

Сабаққа қатысу


Жоғарғы оқу орындарында оқытушының күнделігінде және сенің сабақ үлгерім кестеңде «Ж» («жоқ») деген белгі болады. Бұл белгі сен сабаққа қатыспаған күндері қойылады. «Ж» көбейген сайын сенің «5»-тен дәмең азая берсін. Бұл жақта себепсіз сабақтан қалу кешірілмейді. Ол үшін саған оқытушы мектептегі сынып жетекшіңдей айқайлап ұрыспайды. Жоқ па? Жоқ болса, «Ж» дейді де сабағын жалғастыра береді. Бірақ бұл белгі көбейген сайын бағаң да төмендей береді. Сабаққа кешікпей келудің де жауапкершілігі салмақты екендігін айтып өткіміз келеді. Көптеген оқытушылар аудиторияға өзінен кейін кірген студенттерді жақтырмайды. Мұндайда олар студентті сабаққа қатыстырмай сыртқа шығарып жібереді. Жәй ғана шығып кетемін деп қуанбай-ақ қой. Сабаққа қатыспағаның үшін тағы да «Ж» деген белгіңді көбейтіп аласың.

Топпен тату болу


Сен он бір жыл бір ғана сыныптың оқушысы болып үйренгенсің. Демек сен төрт жыл бірге оқитын мұндағы студенттерді де жатырқамауға тиіссің. Әр топтың өз топжетекшісі болады. Ол өз тобының сабаққа қатысуын және оқу үлгерімін бақылайды. Сонымен қатар, топтың әр студентінің оқуға қажетті құжаттарын да өзі реттейді. Оның айтқанын жасаудан еш зиян көрмейсің. Бір топта әртүрлі мінезді студенттер жиналады. Олардың әрқайсы Қазақстанның әр түкпірінен келген. Сондықтан кейде әр өңірдің тумалары бір-бірімен сыйыспай жатады. Не болса да айқай-шусыз түсінісуге тырысыңдар. Ұйымшылдығы жоғары топтардың қатарынан болып, біріңді-бірің «батырым» деп жүріңдер.

Дұрыс тамақтану


Үш мезгіл анаңның тамағынан алыстап, студент атанған сен мұнда келіп тамақтану уақытыңның қалай бұзылып кеткендігін аңғармай қалуың мүмкін. "Оқу, оқу..." деп уақытылы тамақтануды ұмытып кетпе. Ең алдымен денсаулықты ойлауға тырыс. Арзан екен деп зияны көп тағамдардан ауыз тие берме. Күніне бір рет болса да ыстық тамақ ішуге тырыс. Таңертеңгі сабаққа да аш келуші болма.

Ақша үнемдеу


Алыс жерде жүрген соң ақшаның саған керегі анық. Бірақ ата-анаң қалтаңа салып берген қаражатты беталды жұмсай берме. Шәкіртақыңның (егер тегін оқуда болсаң) құжаттары жөнделгенше сен бір немесе бір жарым айдай мемлекеттік шәкіртақыны алмай жүріп қалуың мүмкін. Сондықтан да, қолда бар ақшаңды үнемдеп пайдалануға тырыс және бағалы заттарың мен тиын-тебендеріңе сақ бол!

Таза болу


Студенттермен бірге жатақханада тұрсаң да, туыстарыңмен берге олардың үйінде тұрсаң да, достарыңмен пәтер жалдап тұрсаң да тазалықты ұмытпағайсың. Өзіңнің жеке заттарыңның болғаны дұрыс. Өзгенің иелігіне жататын заттарға қол сұғушы болма.

Қоғамдық жұмыстарға араласу


Оқу орындарында құрылған қоғамдық топтар мен ұйымдардың мүшесі болудан да бас тартпауға тырыс. Бұл сенің белсенділігің мен көпшілік ортада жұмыс жасау қабілетіңді арттырады. Жатақхана, корпус, кітапхана... Осы үшеуінің ғана арасында жүріп өткізген студенттік өмірің үшін өкінгің келмесе басқа да танымдық топтарға жазылып, университет ісіне өзіңше араласып көр. Бірақ қоғамдық шараларда көп бой көрсететін студенттерді оқытушылардың көбі жақтыра бермейді. Өйткені оқу орындарындағы түрлі шаралар сабақ уақытымен жағаласатындықтан көбі олардың дәрісіне қатыспай қалады. Ал сабағына қатыспайтын студентті қай мұғалім жақтырсын? Сен білім алуды бірінші орынға қой. Қоғамдық жұмыстарды өзіңнің дамуың үшін жаса. Қысқасы – екеуіне де үлгеруге тырыс.

Университеттегі бірінші күн


Бірінші қыркүйек, яғни Білім күнінде сен дәл мектептегідей өзің түскен оқу орнына келесің. Бірақ бұл жолы басыңда ақ бантик пен қолыңда гүл шоғы болмауы мүмкін. Жазғы демалыс жайында қызу әңгіме талқылайтын сыныптастарың да бой көрсетпейді. Бәрі бейтаныс... Бәрі басқаша...

Әрине, алғашында жатырқау болады. Уақыт өте мұндағыларға да үйреніп кетесің. Бірінші келген күні тобыңмен танысасың. Жаймен студенттермен таныса бастағаның дұрыс. Олармен ҰБТ жайында, қанша балмен оқуға түскені жайында не өзіңнің туған өлкең жайында әңгіме айтуға болады. Алғашқы күні сабақ болмауы мүмкін. Сендерге топжетекшілерің не эдвайзерлерің оқу жүйесін таныстырады. Айтылғанның бәрін құлағыңа құйып ал. Және тобыңның соңынан қалмай, олармен бірге жүруге тырыс. Бастысы – жүзіңде жылылық болсын. Ештеңеден қорықпа да, қысылма да. Өзіңнің енді бірнеше жылдан соң осы оқу орыннан «Қызыл диплом» алып шығатыныңды ойла.

Автор: Ақерке Әбілхан

Сурет: zhgu.edu.kz, kaznu.kz, kazuniart.kz, yaplakal.com, enu.kz, voxpopuli.kz, thenews.kz, amu.kz, yvision.kz

Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Қосылған күні: 22 тамыз 2013, 18:52

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.