Шылымнан бас тартудың қиыншылықтары

Шылымнан бас тартудың қиыншылықтары

Шылымға тәуелділіктің екі түрі бар. Бірі – никотинге құмарлық, екіншісі – психологиялық тәуелділік. Шылым шегуді доғару үшін осы екі тәуелділіктен де арылу керек. Ал бұл қиын.

Кез келген шылымқұмар қажет уақытта никотиннің белгілі бір мөлшерін қабылдамаса, ауызында жағымсыз дәм пайда болып, өзін жайсыз сезінеді. Кейбіреулері мұндай жағдайда жөтеліп жатады. Мұның барлығы никотинге тәуелділіктің белгісі. Бұл тәуелділіктен арылу аса қиын емес, бар болғаны бір апта шылымсыз шыдау. Өкінішке орай, бұл кезең адамдардың шыдамсыздығынан сәтсіздікке ұшырап жатады.

Шылымқұмардың ағзасы никотинді талап етпейтін болса, екінші кезеңге кезек келгені. Бұл кезең қиынырақ. Жұмыстан кейін үйреніп қалған қолдар өздігінен темекіге қарай жүгіреді, айналаңыздағылар қайта–қайта еске түсіреді дегендей. Санаңызда қалыптасып қалған әдет қайта жаңғыра түседі. Мұндағы басты қиыншылық темекі түтінін жұтпай, рахатқа бөлене алмау. Рахат сезімі мен темекі адам санасындағы бір ұғымдар. Сондықтан тастаймын деген ниеттегі адамдардың шылым орнына өзіне хобби, спорт түрін тауып алғаны жөн.

Шылымнан бас тартқан адам бірден 10 келі салмақ қосады. Әйел адамдар үшін бұл қуанышты жаңалық емес. Кейде шылым шекпеуге бел буған адам жаман әдеттен арылу үшін бірнеше жылдар бойы қиналуы мүмкін.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rudaki.ru 

Қ. Бүйенбай