Үздік «комментші» қандай болуы керек?

Үздік «комментші» қандай болуы керек?

Құрметті массагет оқырманы, қандай да бір электронды басылымда пікір қалдыру мүмкіндігіне иесіз. Бірақ оның да өз ережесі мен заңдылығы бар. Бұларды сақтай отырып сіз үздік пікір айту өнеріне икемделуіңіз мүмкін.

Ендеше, үздік пікірші қандай болуы керек?

Әрбір үздік комментшінің әрбір сөзі – «аргумент».

Дауласудан қорықпаңыз, себебі даудан шындық анықталады.

Боғауыз сөз қолданбауыңыз шарт. Тіпті «*» белгісімен жеткізілер ойыңыз да ТЕК сіздің мәдениетсіздігіңізді көрсетеді.

Мақала нысанындағы тұлғаның жеке басына тиісу құқық бұзушылық болып табылатынын ескеріңіз.

«Фильм – керемет!» немесе жәй ғана «Тамаша!» деген секілді пікірлер мақалада айтылған оқиға, ой, мәселе туралы біліміңіздің жоқтығын, тек амалсыздан үн қосу секілді болып түсінілетінін ұмытпаңыз. Осындай бекер әрекеттен аулақ болғаныңыз жөн.

CAPS LOCK батырмасымен әріптеріңізді бірыңғай бас әріптермен жазуға болмайды. Бұл пікіріңіздің мағыналық реңкін өзгертіп, артық эмоцияға берілгеніңізді білдіреді.

«Қайырымды адам болу – адамның қателіксіз өмір сүре алмайтынын білу» деген сөз бар. Сол себепті де, әрбір мақаладағы, соңыра келгенде еңбегіндегі қателіктерді түзеу – игілікті іс болса, сол қате үшін жазғыру – ақылсыздықтың белгісі.   

Белгілі бір жазба, блог, пост, мақаланың пікір алаңында жеке адамға жазылатын хат мәтініндегі сөздер болмауы тиіс. Мәселен «қалайсың», «сәлем» деген секілді сөздерді адресатқа әлеуметтік желілер арқылы жазғаныңыз дұрыс.

Өмірде қалай сөйлейтін болсаңыз монитор алдында да дәл сол қалпыңызды сақтасаңыз басқа да қолданушылармен тезірек достасуыңыз мүмкін.

«Кейбір» ақпар:

Әрине, егер сіз троль болмасаңыз мынадай «қулықтарға» бармауға шақырамыз:

Флуд – бұл қандай да бір жазба алаңында үлкен көлемді алатын символдар тізбегі, яғни айтар ойы айқын емес мәтін.

Флейм – тақырыпты өзге бір «мағынасыз» арнаға бұру, яғни даудан дау ушықтыратын, жек басқа тиісіп, әлеуметтік, саяси, діни, ұлтаралық дау тудыратын мәтін.

Оффтоп – жоғарыда айтылған флуд пен флеймнің бір түрі. Басқа пікіршілердің ар-намысына тию болып табылады. Бірақ қызықсыз тақырыпты өзге арнаға бұру арқылы көптің ойын тудыратын тәсіл.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: secret-seo.ru

А. Құлтай