Шопоголизмнен емделейік

Шопоголизмнен емделейік

Дүкенге аяқ киім іздеп барып, бірнеше жаңа киіммен қайтасыз ба? Ониомания немесе шопоголизм – сатып алуға психологиялық тәуелділік. Алайда бұл дерттен сауығудың жолдары жоқ емес. Соларды қарастырып көрейік.

Әрине дүкендерді аралап, өзіңізге жаңа киім-кешек алу – қуантатын, жанға жайлылық сыйлайтын, жүйкені тыныштандыратын әдет. Алайда әмияныңыз арықтап, киім сөрелерінде орын қалмайтындай жағдайға жетсеңіз, бұл аурумен күресетін кез келді. 

Назарларыңызда шопоголизмнің құрбаны болмаудың 5 оңай жолы

Тізім құру

Дүкенге барардың алдында алуға ниеттенген заттардың тізімін құрыңыз. Тіпті, азық-түлік дүкеніне аттанарда тізім құрыңыз. Алдын ала сізге не қажетін жазып, оған қанша ақша кететінін де жоспарлап алған жөн. Дүкенде құрған тізіміңізді қатал ұстаныңыз. Тізімде жоқ нәрселер жаққа тіпті қарамай, "киіп көрейін", "өлшеп көрейін" деген ойлардан абай болыңыз.  

Шектеу 

Құрған тізіміңіз бойынша шектелген ақша соммасын алыңыз да, одан артық ақша құртпаңыз. Несие, төлем карталарын үйде қалдырыңыз. Психолог мамандардың айтуынша, ұстап, көре алмайтын ақшаны құрту әлдеқайда оңай.   

Елестетіңіз

Сатып алайын деп жатқан затыңызды өз өміріңізде қалай қолданатындығыңыз жайлы ойланыңыз, оны елестетіңіз. Киім болса, оны қайда, қалай, қандай киіммен үйлестіріп киетіңізді елестетіңіз. Егер бұл затты елестеу қиын болса, оның керек емес болғаны. Бұл затты келесі жолға дейін қалдырып қойыңыз. Кейін ол шынымен қажет болса, дүкенге қайтып келуге де болады.   

Сыйлық  

Егер сіз расымен шопоголиктер қатарынан болсаңыз, сіз жай ғана кез келген затты сатып алғыңыз келіп тұрады. Егер дүкенде жүргенде сіздің бойыңызды осындай сезім билесе, қажет емес заттар алғанша, туыстарыңызға, достарыңызға арнап сыйлық алыңыз. Сыйлық ретінде шоколад, тәтті бәліш не шұлық болуы да мүмкін. Бастысы сіз ақшаңызды босқа құртпай, жақыныңызды қуантатын, оған қажетті зат аласыз. 

Балама 

Дүкендер аралау бұрын-соңды болған жалғыз көңіл көтеру, жүйке тыныштандыру дауасы деп кім айтты? Сіздің тағы да қандай қызығушылықтарыңыз бар? Мысалға спортпен шұғылданыңыз немесе аттракциондар саябағына қыдырып келіңіз. Қызықты хобби сіздің бос уақытыңызды қысқартып, дүкендер аралап жүруге мүмкіндік бермейді.

Ал сіз өзіңізді шопоголик санайсыз ба? 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: belleza.facilisimo.com

С. А