"Таяз құдық қазбаңыз"

"Таяз құдық қазбаңыз"

Алыстағы бір досымның маған жазған хатының төсегімнің басында тұрғанына талай уақыт болыпты. Айнала жым-жырттыққа шомған шақта, хатты қолыма еппен алып оқыдым. Бұл хат бейне менің іс-әрекетімді таразылап тұрған секілдене берді.

Досымның хаты тым қысқа жазылған. Кіріс сөзі де, соңғы сөзі де жоқ. Әр жолы хатты оқып болғанымда, жан дүниемде орасан зор толқу пайда болады. Тек мені толық түсінетін адамдар ғана осындай әсерлі сөздер айта алады.

Алғашқы күндерде ол хатты қайта ашып оқығым келмейтін. Оның үстіне бұл хатты ұмытуға тырысып көрдім. Ақыры, досымның хатын тағы бір рет оқығанымда мен оның айтқандарына бас изедім.

Хат былай еді:

Адамдар үнемі тұрмыстың қарбаластығына, мойнына ауыртпалық түскеніне күрсінеді. Ындыны кетіп, бәрін де иемденгісі келетіндіктен, не болмаса тағатсызданғандықтан кейбір нәрселерден айрылып қалады.

Көптеген адамдар істеуге тиісті істермен әбігерленсе, көбінде өзіне қатыссыз істермен қарбаластыққа түседі. Айталық, қонақ күтумен әбіргерленеді, заттық қажеті мен құры атақ-даңқ үшін ақша жинаумен жанталасады, өзінен жоғарыдағыларға жағымпазданады, мансап үшін шапқылайды, қолындағы қызметіне қызу ынтамен берілмейді, сонымен қиялы да тұрақсыз, тұрлаусыз келеді.

Қызыл танау болғандар таяз құдық қазғанмен барабар. Біреу өзіңді бұйдалап алып анаған да, мынаған да салып пайдаланса, оны қабілетімді көрсететін, мамандығымды дамытатын табылмас орай болды деп ойлай көрме! Себебі, сен біреудің мұрындықтауында таяз құдық қазып жатырсың. Көрінген жерді қаза бергеннен судың қайнар көзі табылмайды. Бұл іскерлік емес, қайта өмірің мен дарыныңды зая еткендік. Адамның күш-қуаты мен уақыты шекті ғана. Өміріңде нақты әуесіңе қарай талантыңды ұштап, бүкіл зейініңмен бір істі табанды істесең ғана табысқа жете аласың. Ол қажымайтын қажыр мен бар зейін-зердеңді шоғырландырып, жалғастыруды қажет етеді.

Досымның айтқандары қарапайым әрі қатал шындық еді. Әрбір ауыз сөз жүйкеме тиіп, жанымды жай таптырмады. Расында солай емес пе?!

Достар ара кездесу, кластастармен бас қосу, қызметтестермен шүйіркелесу болсын барлығы да жарғақ құлағы жастыққа тимей қарбалас жүргенін айтады. Не деген бітпейтін қарбаластық бұл! Қай күні сонау алыстағы анам есіме түсіп, телефон соғып ем, мен ауыз ашпастан бұрын:

- Қарбалас екеніңді білемін. Денсаулығыңа көңіл бөл! – деп мені жұбата бастады. Сонда біз ненің қарбаластығында жүрміз?

Әрине, досым айтқандай таяз құдық қазумен!

Қандай жанды теңеу! Орта мектеп оқып жүрген кезімде, есімде қалуынша, тіл-әдебиет сабағында бір тапсырма бар еді, суретке қарап сөйлейтін.

Суретте құдық қазып жатқан екі адамның бейнесі сызылған. Біреуі қол ұшымен қазады. Бос топырақты қазған болып, «мына жерде су жоқ екен» деп күбірлеп, екінші жерді шұқылап тұрады. Ал екіншісі аспай-саспай, алты айрығынан тер кеткенше демала жүріп, тастақ жерді терең қазып су қайнарын тауып алады. Біреуінің тұрлаусыздығын мінеген, енді бірінің табандылығын мақтаған бұл тапсырманың мазмұны бұлдыр елес болып әлі күнге есімде қалыпты.

Сол тапсырмадан кейін он неше жыл өте шығыпты. Содан бері бірталай су шықпас шұқырларды қазып тастаппыз.

Досым жазған хатты оқымас бұрын мен үнемі жұмыстың барысына ғана назар салып, нәтижесіне көңіл аудармай, жастықтың жалынды жігерін қор етіп, бықсыған шаланы лаулаған өрт деп жүріппін.

Осының бәрінен көңіл-күйдегі ұшқалақтық байқалады. Ал ұшқалақтық жастар арасында тез жайылатын жұқпалы дерт. Әдетте басқалар бізді таяз құдық қазуға сүйрелесе, соған мәз боламыз. Не соған өзіміз де пейілділік танытып тұрамыз. Себебі, бұл қазіргі қоғамда үлкен ағымға айналған. Тіпті, жұрт көзіне қарбалас көріну ғана емес, қарбалас боп жүрудің өзі сән.

Бірақ Адам ұшқалақтықтан қаңғырығы түтеген шақта ғана ес-ақылын жиып, терең құдық қазуға құлшынады. Себебі, терең құдықтың суы ғана жан-сарайыңды ашып, шөліңді басады.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

А. Құлтай