Бала – бауыр ет немесе ғалымның табандылығы

Бала – бауыр ет немесе ғалымның табандылығы

Роберт Эдвардтың отбасына Нобель сыйлығын бағалау орталығынан қоңырау келеді. Әйелі, Роберт Эдвардтың 2010 жылғы Нобель медицина сыйлығының бірден-бір иегері екендігін білгенде, көз жасына ие бола алмай қалады. Ол жасы 58-ге келген, ауру төсегінде жатқан Эдвардтың жанына барып: «Сен биылғы Нобель сыйлығына ие болыпсың, әлем халқы ақыры сені мойындады» дейді.

Өкініш! Эдвард науқас меңдетіп, тіл-ауызсыз сал, мылқау боп жатқан еді. Ол кемпіріне барлай көз тастаған беті өз кешірмелерін есіне алды. Машақатқа толы кешірмелері кино лентасындай көз алдынан шұбырып өтіп жатыр. Дүниежүзілік екінші соғыста борап тұрған оқ арасынан алға қарай өлермендене ұмтылғаны, Англия Эдинбург университетінен білім алғаны, оқу бітіру диссертациясының тышқан эмбрионының есеюі жөнінде екендігін ойлап үлгерді. Сол кез Эдвард өз зерттеу жетістіктері арқылы жүкті бола алмаған әйелдерге қол ұшын беруді ойлады. Оның мұндай ойға жүкті болуына мына бір іс түрткі болған-ды. Бір досы денсаулығына байланысты шыр еткен сәбиге зар болады. Зайыбы екеуінің махаббаты балдай тәтті болса да, араларында баланың жоқтығы олардың сезімдік тұрмысына ықпал ете бастайды.

Досы сырын шер жұта отырып, Эдвардқа әңгімелеп береді. Басынан өткермеген адам өмірде перзент көрмеген адамның жан дүниесіндегі запыранды түсінбейді ғой. Сенің ғылыми зерттеуің адамдарға ес қатары рас болса, мұндай балаға зәру ерлі-зайыптылардың азабын неге жеңілдетпеске?!

Досының аһ ұрып айтқан әңгімесі, азапты қасірет жасы Эдвардты қатты азаптайды. Ол тәжірибе түтікшесімен сперма алуды өмір-бақи еншісіне алуды өзіне серт етеді. Дегенмен, ол кезде адамдар Эдвардтың зерттеуіне қосыла қоймайтын. Олар оған үрке қарап, оның «жасанды тіршілікті» дүниеге әкелуіне шүбәланады. Оның мұндай ұшқары зерттеуі қоғамдық санаға салқынын тигізері анық еді.

Бәрінен қорқыныштысы Англиядағы медицина зерттеу қоғамы да бұл дәстүрлі салт-санаға жат әрекет деп қарап, Эдвардтың зерттеу қаржысын босату үшін берген өтінішін тойтарады. Қаржы болмаса, зерттеуге қалай кепілдік етуге болсын. Эдвард амалсыз өз еңбекақысын арнайды. Бет-беделін сатып, қоғамның әр саласынан ақша құрастырады. Бірақ тәжірибе материалдарының жоқтығы жомарт жүректің қолын байлайды. Сол кезде қайсы әйел мұндай тәжірибені қабылдай қойсын. Ол неге күлкілі тәжірибеге әуестеніп жүр деп әжуалағандар да болды. Кейін әйелдер аурулары шипаханасында қызмет істейтін бір досы Эдвардтан келген жалынышқа  толы телефонды арт-артынан қабылдаған соң, операция барысында алынып тасталған ұрық клеткаларын оның тәжірбие жасауына беруге уәде етеді.

Сол күннен бастап еш үзіліс жасамаған бұл зерттеу жұысы 1968 жылға дейін жалғасып, ғаламдағы тұңғыш реткі адамзат эмбрионы жетілдірілді. Алайда, осы кезде Эдвардтың зерттеуі жөніндегі талас-тартыс әлі де тоқтамаған еді. Бірде ол ғылыми талқыға қатысады. Көптеген ғалымдар Эдвардтың аты шыққанда наразылық үн көтереді. Олар Эдвардтың алдына барып, саусақтарын кезеніп «Зерттеп отырған эмбрионың құбыжық болып қалмауына кесім жасай аласың ба?! Бұған қалай кепілдік етесің?! Мұндай бала (тәжірибе түтікшесіндегі нәресте) қалыпты есейіп-ержетеді деген мүмкін бе?!» деседі.

Нобель медицина сыйлығының иегері Роберт Эдвард

Эдвард осылайша қаптаған кедергілерге тап болса да, бәріне шыдауға мәжбүр болады. Тіпті, отбасындағылар мен достары да бұл тәжірибені тоқтатуға кеңес айтады.

- Бала деген бауыр ет. Адамдарға баладан артық бақыттың жоқ екенін сезіндіре алмасам атым өшсін, - дейді ол ашуланып, - Ғылымның күрделі жолына түскен екенсің, айналаңдағылардың барлығы шүбәлана бастағанда, өз көзқарасыңда табанды болып, зерттеуді жалғастыру керек. Сенім болғанда ғана, табысқа жетуге болады. Ал уақыт бәрін де түсіндіреді.

Эдвардтың айтқаны келді. Уақыттың аялсыз алға үдіре тартуына байланысты барлығы да анық болды.

1978 жылы 52 жастағы Эдвард пен оның көмекшісі бірлесе отырып бірінші реткі тәжірибе түтікшесіндегі нәрестені жетілдіріп шықты. Луис Буран есімді бұл қыз баланың дүниеге келуі адамзатты қайран қалдырды. Міне, бұл ғалымдардың ерекше қуатын әйгіледі.

Тәжірибе түтікшесіндегі нәресте ақыры осы заманғы медицина ескерткішіне айналды. Эдвардтың зайыбы күйеуі Нобель сыйлығын алған кездегі сөзінде «Ол өзін ғылымға арнады. Жан-тәнімен беріле зерттеді. Қарсыластарын жеңіп, бүгінгідей табысқа қол жеткізді» дейді көзіне жас үйіріліп.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: nationalgeographic.com

А. Құлтай