Істі кейінге қалдыра бермеңіз

Істі кейінге қалдыра бермеңіз

Маңызды тапсырманы уақытылы орындамай, соңғы мерзімге дейін қалдыру – өзіңізді әрдайым стрессте ұстаудың бірден-бір жолы. Осылайша сүйікті жұмысыңыз бірте-бірте шаршатарлық іске айналып, қолыңыздан келмей кетеді. Бұндай болмас үшін, мына қарпайым кеңестерді  күнделікті қолданып жүріңіз.

1. Ең ауыр тапсырмадан бастаңыз                

Жұмысты ең ауыр, орындалуы ең қиын тапсырмадан бастаңыз. Басында сол тапсырманы тындырып тастасаңыз, әрі қарай жұмыс оңайырақ жүреді. Сондықтан да таңертең жұмыс күніңізді шай ішу мен пошта тексеруден емес, қызу жұмыстан бастаңыз. Осылайша күш пен қуат бар кезде тапсырманы әдеттегіден тезірек орындайсыз. Ал майда жұмыстарды ерекше шаршайтын кездерге қалдырыңыз.

2. Үлкен тапсырмаларды бөлшектеңіз                 

Көп жағдайда бізге қойылған тапсырманың қиындылығы соншалықты, біз оны қай жерінен бастап, қалай аяқтарымызды білмейміз. Егер оны бірнеше бөлікке бөліп, бірінен кейін бірін орындап көрсеңіз, жұмыстың жүргенін байқайсыз. Тапсырманың бір бөлігін орындағаннан кейін, оны әрі қарай тезірек бітіруге ынтаңыз көбейіп, ісіңіз оңай жүреді. Тапсырманы бөлшектегеніңізді қағазға жазып алып, әр кішігірім тапсырманы орындағаннан кейін, оны сызып отырсаңыз болады.

3. Өзіңізді мақтаңыз                                                     

Жұмысқа жақсылап кіріспеудің тағы да бір себебі өзімізді жеткілікті дәрежеде мақтап, марапаттамау. Өзіңізді орындалған жұмыс үшін марапаттау тәсілін ойластырсаңыз, жұмысқа деген ынта да көбейе түседі. Арықтауға ниеттеніп жүрген арулар өздерін тәттімен ынталандырмағаны жөн. Ынтаңыз 5 минуттық демалыс, қоғамдық желілерге кіріп, жаңалықтарды қарау, сүйікті әуендерді тыңдау не аула немесе кеңсе қабаттарымен серуен болсын.

4. Еш қиыны жоқ                                  

Тапсырмаға 10 минут бөліп, артынан бір демалып аламын деп уәде беріңіз. Міне қызық, қиын тапсырмаларды орындауда ең ауыры – оған кірісу. Ал белгіленген уақыт өткеннен кейін жұмысқа соншалықты кірісіп, демалғыңыз да келмей қалады. Есіңізде болсын, ең бастысы – ниет!

Іске сәт!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: stockinform.ru

С. А