Өтірікшіні бір-ақ сәтте таны

Өтірікшіні бір-ақ сәтте таны

Адамдардың жаңа достар мен жаңа таныстықтарға құштар болатынын білеміз. Ал сол жаңа адамдардың ойында не бар екенін, ниеті қандай екенін қалай білуге болады?

Ғалымдардың айтуынша, егер адам қаншалықты көп өтірік айтатын болса, оны анықтау қиын болады екен. Десек те, өтірікшінің жалған сөз айтуы кезінде көрінетін негізгі іс-қимылы анықталып қойыпты. Оны әрқайсымыз да білуіміз керек.

Өтіріктің белгілерін былай анықтауға болады екен:

  1. Жалған ақпарат берген адам белгілі бір деңгейде қобалжуды бастан өткереді, өзгерісті оның көзінен, даусынан немесе қимылынан білуге болады.
  2. Өтірік айту кезінде адамның қалыпты даусы өзгереді: ырғақ не тез, не жәй қалыпқа түседі. Дауыс дірілдеуі мүмкін. Дауыс тембры да ауысуы әбден мүмкін. Ал кейбір адамдар ықылық ата бастайды.
  3. Адалдығынан жаңылған адамның көзі де тұрақты болмайды. Әрине, ол ұялу, ыңғайсыздану мәнінде де болуы мүмкін. Байқаңыз, егер әңгімелесуші маңызды ақпарат беруде солай жасаса, мұндай жағдайдың 70 пайызы өтірік болатыны анықталған. Бұдан кейін, өтірік айтушы сөйлеген соң, сізге тесіле қараса, онда бұл да жалған сөз болған. Себебі оның айтқан жалған сөзі сізге қалай әсер еткені айтушыға өте құнды ақпарат. Сіз оған сендіңіз бе, әлде сенбедіңіз бе? Оның білгісі келетіні осы.
  4. Адамның өтірік-шынын анықтау үшін оның күлкісіне қарау керек. Өтірік айтқан адамдардың үлкен бөлігінің бетінде сол сәтте әлсіз күлкі пайда болады. Бұл үнемі әзіл айтып жүретін, қалжыңбас адамдарға қаратыла айтылмаған сөз. Ал орынсыз тұстағы күлкі адамның күмәнін тудыруы тиіс. Себебі адам өтірік айту кезіндегі қобалжығанын күлкімен жапқысы келеді.
  5. Адамға күмәнмен қарасаңыз, оның сөзінің рас-өтірігіне сенімсіз болсаңыз, көзіне тік қараңыз. Өтірік айтқан адамның беті әлсіз тартылып, жұмыла түседі. Қазақта «шімірікпестен айту» деген сөз бар. Адамның беті осындай бір өзгерістерге түссе ақпаратқа сенуге болмайды. Немесе нақтылап сұрауыңыз шарт. Америкалық зерттеуші Роберт Баннет бет бұлшық еттерінің жиырылуы – өтіріктің белгісі дейді.
  6. Тағы бір белгісі – адам терісінің өзгеріске енуі: қызаруы, тарамыстануы. Себебі адам бұл процесті саналы түрде басқара алмайды. Көз қарашығыңың ұлғаюы мен еріннің дірілі, көздің жыпылықтауы да өтіріктің белгісі.
  7. Америкалық зерттеуші Алан Пиздың ойынша, адамның өтірік айту кезіндегі жиі байқалатын әрекеттері мыналар: қолмен бетті ұстай беру, ауызды қолмен жаба беру, мұрынды ұстай беру, көзді қолмен сүрте беру, жағаны түзей беру.
  8. Әрине, бұл мимикаларды бір-бірлеп, жалқы қарастыруға болмайды. Бір ғана іс-қимылға байланысты адамды өтірікші деп айыптауға болмайды. Оның орнына басқа да дәл осындай факторлармен байланыстыру керек.
  9. Егер сіз адам мимикасы мен іс-әрекеттері арқылы сөздің өтірік-шынын анықтағыңыз келсе, адамды жете тануыңыз шарт. Себебі танымайтын адамның қандай жағдайда қандай іс-әрекет жасап, қалай қабылдайтынын білмейсіз.
  10. Көбіне мұндай қасиетке ие болатын адам өмірде көп адаммен байланыс жасайтын, қарым-қатынас жасауда біршама тәжірибесі бар адам болады. Дәл осы коммуникативті тәжірибе мен сараптау қабілеті алынған ақпараттың рас-өтірігін анықтап береді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: gazeta-kores-ru.1gb.ru

А. Құлтай