Жұмыс тауып беретін сөздер

Жұмыс тауып беретін сөздер

Жұмысқа қабылданудың қандай қиын екенін білерсіз. Иә, дәл осында әрбір қасиетіңіздің өзі маңызды рөл атқаруы мүмкін. Жұмыс берушінің қас-қабағына қараудан бұрын өзіңіздің оған не айтарыңызды салмақтап алғаныңыз жөн шығар?

Quora сервисі әңгіме барысында айтылған үздік сөздерді теріп, оқырмандарына көмек қолын созыпты. Сөйтсек, қызметке тұру үшін мынадай жәйтті бастан өткеру керек екен.

"Сиыр қалтада!"

Ричард Вэддингтон 

Мен бір компанияда 10 жыл уақыт бойы жұмыс жасадым. Ол жұмыстан кеткен соң, ұзақ уақыт бойғы үзілістен соң әңгімем жараспай қала ма деп те қорыққаным бар. Киімімді түзеп, галстук тағып бардым. Үйден шығып бара жатқан сәтте 4 жасар қызым кішкентай ғана ойыншық сиырды ұстата салды. Қызымды құшақтап, үйден шығып кеттім.

Түрлі мамандардың алдынан өткен соң, кадр бөлімінің бастығымен бетпе-бет отырдым. Орта жастағы әйел қатқыл көрінді. «Компания қызметкерлері сіз туралы тек жақсы мінездеме беруде, бірақ жұмыста түрлі бассыздықтар болу мүмкін, сіз одан өте алар ма екенсіз?»

Айта салдым: «Менің қалтамда сиыр бар!» Тыныштық орнады. Сосын қалтамнан сиырды алып, оның жұмыс столына қоя салдым. Барлығы да қыран-топан күлкіге басты да кетті. Сонымен, мен жұмысқа қабылдана кеттім.

 

Күрделі сұрақ

Стэн Хэнкс,құрастырушы

Жұмысқа қабылдану алдындағы әңгіме былай болды. Маман: «Сізде сұрақтар бар ма?» деді. «Мұндағы жұмыстың несі жаман?» дедім.

Сәл ойланыңқырап, тұрып кетті де, есікті жауып, қайта орнына жайғасты. Келесіде 30 минуттай уақыт бойы компаниядағы сәтсіздіктер жайлы әңгіме айтты. Сосын ол маған хабарласатынын айтты. Келесі күні кадр бөлімінен телефон соғылды. Меніңше, мен сөйлескен маман сол күні-ақ жұмыстан қуылған. Себебі мен бәрін де айтып бердім. Бұдан кейін мені атқарушы директор әңгімелесуге шақырды. Ол маған бірнеше техникалық жұмыстарды орындап, компанияның басқа да мәселелерін шешіп беруді өтінді. Мен келісе кеттім.

Мойындау

Дэн Холидей, 10 жылдық тәжірибесі бар менеджер

Мен жұмысқа қабылдану алдында оған дейінгі жұмысымнан қандай шатақ шығарып кеткенімнің барлығын да жасырмай айтып бердім. Күнде бір ғана іспен айналысатын айтып, арызданғанымды айтқан соң жұмыс берушіге «Мен керемет жұмыс істеймін демеймін, бірақ өте көп ақша тапқым келеді» дедім.   

Қызығы сол, жұмысқа қабылдандым.

 

Ащы шындық

Скотт Данлап, кәсіпкер

Мен осы жылы Бостонда болған жарылысты өз көзіммен көрдім. Келесі күні Нью-Йорк қаласында жұмыс берушімен әңгімелесуге отырдым. Ол кезде бір медиакомпанияның басқарушылық жұмыс орнын алғым келген. Әңгімелесіп отырған адамдардың екеуі тұрып кетті. Жағдайым қиындай бастаған сияқты болды. Сосын жалғыз қалған маман сұрақ қойды: «Соңғы 5-10 жылда біздің компанияны қалай елестетесіз?». Шындықты айтқым келді.

«Сіздердің өндіріс орындарыңыз жабылып қалады. Себебі мына сіздер өз жұмыстарыңызды түземей барлық қателікке басқарушыларыңызды айыптай бересіздер. Сол үшін де қайта-қайта басшы ауысады. Мұндай сөздерді айтып отырғанымды кешіріңіз, бірақ сіздердің қамдарыңызды ойлап отырмын. Мен де дәл сіздердей болғанмын. Бірақ сіздер мойындамайсыздар ғой. Сіздер бұл іске жаңалық енгізіңіздер немесе жұмыстарыңызды босатыңыздар».

Тыныштық орнады. Сосын ол: «Меніңше, бүгін осымен аяқталсын». Келесі 2-3 сағаттық уақыттан кейін ол жұмыс ұсынды.

Күшті әйел

Барбара Бёрни, куратор 

1990 жылы екі баламды қолыма алып, күйеуіммен ажырасып кеттім. Дизайнер-фрилансер болып нәпақа тауып жүрдім. Маған ең керегі тұрақты жұмыс пен сақтандыру еді. Сосын жергілікті медициналық мектепте жұмыс табыла кетті. Бастықтың көзінше 15 минут уақыттың ішінде бір бет қағаздың дизайнын жасауым керек болды. Мен олар байқамаған қателер тауып алдым, макет жасадым, сонда да менің бірлі-жарым уақытым қалды.

Басшы риза болды. Бірақ жұмысқа қабылдағысы келмей отырғанын анық байқадым. Бір кезде маған «Сіз жақсы кандидатсыз, бірақ мінезіңіз қатты екен» деді.

Оның көзіне тіке қарадым да: «Егер мен ер адам болсам ешқашан бұлай демес едіңіз. Осымен біткен шығар?» дедім де заттарымды жинастырып, кетуге ыңғайлана бастадым. Екі күннен соң олар хабарласып, жұмыс ұсынды. Міне, 20 жыл бойы сонда жұмыс атқарып келемін.

 

Күрделі қарым-қатынастар

Тукас Ленсер, құрастырушы

Жұмысқа беруші: «Стрестік жағдайларда қалай жұмыс жасайсыз?»

Талапкер: «Өте жақсы, үйленгеніме 4 жыл болды».

Шындыққа айналған болжам

Джеймс Келли, жазушы, аниматор, режисер

Жұмысқа қабылдаушы маған сұрақ қойды: «Өзіңізді 5 жылдан соң қалай елестетесіз?» Қалжың араластырып, «Голливуд режисері!» дедім. Мен жұмысқа қабылдандым. Ал 3 жылдан соң компания жабылып қалды да, мен Голливудқа фильмдер түсіруге кетіп қалдым. Вин-вин.

 

Есірткіден сақтану

Майкл Робертс, биохимик

Бір компанияның медициналық зерттеулер жүргізетін бөліміне жұмыс сұрап бардым. Әңгіме басталар кезде маған кофе ұсынды. Сонда «Мен есірткіге қарсымын» дедім. Қобалжыған соң ғана айтқанымды мойындайын.

Жұмысқа қабылдаушы оны басқаша түсініп, менің есірткіге деген өшпенділігіме таңғалды. Өзімді толық таныстыра да алмаған күйі жұмысқа қабылданып кеттім.

P.S. Жұмысқа қабылдану сәтінде мұндай бассыздық жасауға шақырмайтынымызды білесіз, бірақ өмірде бәрі де мүмкін! Сәттілік!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: webhop.org

А. Құлтай