Ашылған көкөністерді сақтау әдістері

Ашылған көкөністерді сақтау әдістері

Тамақ пісірген кезде артық картоп не басқа да көкөністер ашып, турап қойған сәттеріңіз болды ма? Оларды қалай сақтауға болады?

Ашылған, туралған көкөністерді бірден қазанға салу керек. Себебі ұзақ сақталу барысында оның дәмі мен қасиеттері бұзылады. Сондықтан тамақ әзірлемес бұрын, өзіңізге қажетті көкністердің нақты шамасын біліп алып, одан артық ашып, турамаған жөн.

Тазаланған картоптың тез қарая бастайтыны баршамызға белгілі. Бұл картоптағы күрделі органикалық қосылыстар мен ауаның әсерінен болады. Картоптағы фермент қышқылданып, түсін өзгертеді. Артық тазаланған картопты суға пісіре салуға болады. Қайнаған суға салып, 5-10 минут қайнатыңыз. Піскен картоп қараймай, ұзақ сақтала алады. Ал келесі жолы оны тағамға қолданыңыз.

Картопты қысқа мерзімге сақтау үшін (2-3 сағат), оны 12°-тан жылы емес суға салып қойыңыз. Осылайша оның сақталуын ұзарта аласыз, картоп суда ауаға қарағанда баяуырақ қараяды. Алайда су картоптан көмірсулар, минералды тұздар, С дәруменін "сорып алады", демек суда сақталған картоптың пайдалы қасиеттері кеми түседі.

Картопты ашып қойып үлгерсеңіз, оны тұтас сақтаңыз, яғни турамаңыз. Туралған картоп тілімдерін сақтау мүлдем қиын болуы мүмкін.

Ашылған картопты қайнаған ыстық суға салып, артынан суытуға болады. Осы әдіс нәтижесінде картоптың бетінен фермент кетіп, ауа әсерінен қараймайды. Бірақ бұндай картопты даярлағанда оның дәмі ерекше болады.

Ашылған, туралған тамырлы көкністерді (сәбіз, қызылша) 12°-тағы температурада үстіне ылғал сулық төсеп қойып, 2-3 сағат сақтауға болады. 

Орамжапырақ, пияз сынды көкөністерді құрғақ сулықпен жауып, бірнеше сағат суықта сақтасаңыз болады.

Салат жапырақтары, көк-шөптердің түр-түрін жабық ыдыста қалыңдығы 5-7 см-ден артық қылмай 2-3 сағат суықта сақтауға болады.

Қазір арнайы вакуум жасай алатын заманауи ыдыстар бар. Соларды қолданып көкөністердің сақталуын ұзарта аласыз. Мысалға туралған көк-шөп осындай ыдыста бірнеше күн (тоңазытқышта) сақтала алады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: kolbasa77.ru, od9.ru

С. А