Наурыз көже: ежелгі тағамның құрамы мен дайындау тәсілі

Наурыз көже: ежелгі тағамның құрамы мен дайындау тәсілі
Фото: old.newsroom.kz

Қазақ халқында Наурыз мейрамы ежелден тойланады. Сол дәстүрдің бірі – бай дастархан. Үйдегі байлық пен молшылық дайындалған тағамдармен анықталады деп саналады. Дастархан мерекелі болған сайын, жыл да берекелі болады. Мейрамдағы сол дастарханның сәні – Наурыз көже! Ұлыстың ұлы күні әрбір үй жеті түрлі тағамнан тамақ пісіріп, молшылық болсын деп ниет еткен.

Наурыз көже

Мерекелік дастарханның таптырмас және маңызды бөлігі. Наурыз мейрамы қашанда осы тағаммен байланысты, оның тарихы көне заманға дейін барып тіреледі.

Халықтық дәстүр бойынша оған кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Наурыз көжені халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай береді. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: “ақ мол болсын” деген тілек айтып тарқасады.

Наурыз көженің стандартты рецепті жоқ,әркім өз талғамына қарай дайындайды. Бірақ, сонда да Наурыз көже дайындағанда қосатын ортақ өнімдер тізімін ұсынайық:

• Ет (жылқы, қой немесе сиыр еті);

• Құрт;

• Дәнді дақылдар;

• Ұн өнімі;

• Айран;

• Тұз;

• Су.

Аңыз бойынша, 7 маңызды ингредиент– бақыт, сәттілік, даналық, денсаулық, байлық, даму және аспанды қорғау сияқты 7 өмірлік принципке жауап береді.

7 үйден дәм татқан адамды ойда жоқ бақыт күтіп тұр, сондықтан Наурызда бұл тағам әр үйде болуы керек.

Әрбір ингредиенттің өзіндік мәні бар. Су – тіршіліктің белгісі, тұз – астың тәттілігі, ұн – береке мен тоқтық, айран – бірлік пен дүниедегі тірлік, құрт пен жарма – денсаулық пен күш, ет – сәттілік пен бақыт. Рецепттер мен пісіру әдістері әртүрлі, олар тұратын аймақтарға байланысты өзгереді.

Наурыз көже дайындау әдісі:

• 1 келі ет;

• Қазы, қарта;

• 100 грамм бидай;

• 100 грамм күріш;

• 100 грамм жарма (перловка);

• 100 грамм тары;

• Тұз;

• 3 литр су;

• 1 литр айран.

Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатыңыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып,. 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластырыңыз.

Т. Раушанұлы