Тофудан ауыз тиіңіз!

Тофудан ауыз тиіңіз!

Тофу пайдалы, әмбебап тағам түрі. Ол жайлы көбірек біліңіз.

Тофудың шығу тегі туралы көптеген болжамдар бар, бірақ олардың бәрі оны кездейсоқ пайда болды деп тұжырымдайды. Ол ерте заманда Қытайда пайда болып, көп ұзамай Жапонияда танымалдылыққа ие болды. Уақыт өткеннен кейін ол Азия бойынша таралып, Еуропаға 16 ғасырда келді.

Тофудың дайындалу мәзірі ірімшікке ұқсайды. Соя сүтіне лимон қышқылын, сірке суын не арнайы нигари атты затты қосады. Сүт іріп, тофуға айналады. Тофудың қою, сұйық түрлері болады. Қатты түрлерін қуыруға болады, ал жұмсақтарын тағамға жұмыртқаның орнына қосады. 

Кәдімгі ірімшікке ұқсайтын тофу ақшыл түсті, ал кейде аппақ болады. Көп жағдайда иісі де, дәмі де жоқ. Оның бейтарап дәміне байланысты көп тағамдармен дәмі үйлесе береді. Ол қосқан барлық дәмдеуіштердің иісі мен дәмін сіңіреді. Сол себепті, оны қуыруға, пісіруге, одан тұздықтар, тіпті тәтті десерттер мен бәліштер жасауға болады. Тофудың тұзды тағамдарға, тәтті тағамдарға арналған түрлері болады.

Тофу - өте пайдалы тағам. Құрамында май, көмірсулар аз, сол себепті калориясы да көп емес. Алайда оның құрамында ағзамызға өте қажетті 9 аминқышқылдың барлығы бар. Тофу жасұнық пен кальцийге бай, жүрек ауруларына шалдыққандарға пайдалы, құрамында холестерин болмайды.

Тофу базарлар мен дүкендерде арнайы сұйықтыққа салынып сатылады. Бұл оның дұрыс сақталуына қажет. Үйде оны кәдімгі суға салып, тоңазытқышта сақтасаңыз болады. Суды ауыстырып тұрған дұрыс. Тофуды мұздатып, ұзаққа сақтасаңыз да болады.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: hushhush.kz

С. А