Тәтті мақта жайлы қызықты фактілер

Тәтті мақта жайлы қызықты фактілер
Фото: freepik.com

Балалардың мейрамдарда жегісі келетін тәттілерінің бірі — тәтті мақта. Тәтті мақтаны Италияда «қантты жіп» десе, Францияда «атаның сақалы» деп атайды. Әр балаға қуаныш сыйлайтын осы тәтті мақта жайлы сіз білмеген қызықты фактілерді ұсынамыз.

Бұл өнім толықтай дерлік қанттан тұрады. Оны дайындау процесі қарапайым: арнайы аппаратта қант қыздырылып, балқи бастайды. Аппарат үздіксіз айналып тұрады, қант ұсақ електен өтеді де, ұсақ ағыншалар түзеді. Олар таяқшаға оралып, тәтті үлпілдек шар пайда болады. Қарапайым қанттың «тәтті үлпілдек бұлтқа» айналуы бірнеше секунд уақытты ғана алатындықтан, оның дайындалу процесін кез келген сатып алушы бақылай алады. Бояғыштар мен хош иістендіргіштердің арқасында қантты мақтаға түрлі дәм мен түс беруге болады.

Қантты мақтаның алғаш пайда болған жерін нақты айту қиын. Алайда оның XV ғасырда Италияда пайда болғаны жайлы мағлұмат бар. Бұл кезде оны қолмен дайындайтын болған. Оны ол кезде қазіргідей бір минутта дайындау мүмкін болмаған. Қантты кәстрөлде балқытып, содан соң әр талшықты арнайы шанышқылармен созған. Оған қоса, ол кезде қант та арзан тұрмаған. Қолжетімсіз өнім мен еңбек көп жұмсалатын процесс қымбатқа бағаланды. Сондықтан бұл өнімді тек байлар сатып ала алатын.

Қантты мақта бәріне бірдей XIX-ХХ ғасырда ғана қолжетімді болады. Себебі бұл кезде оны дайындайтын аппарат пайда болды. 1893 жылы америкалық стомотолог Уильям Моррисон мен оның отандасы кондитер Джон Вартон тәтті мақтаны жылдам дайындайтын машина ойлап тапты. Олар өз өнертабысын төрт жыл өткен соң 1897 жылы ресми түрде тіркеді.

Аппарат жалпы жұртшылыққа тағы бірнеше жыл өткен соң 1904 жылы Сент-Луистегі сауда көрмесінде таныстырылды. Дәл осы кезде қалада III жазғы Олимпиадалық ойындар өтіп жатты. Electric Candy Company фирмасы бірнеше айдың ішінде әрқайсысы 25 цент тұратын тәтті мақтаның 68 655 порциясын сатқан. XV ғасырдағы Италиямен салыстырғанда тәтті мақта арзанырақ бола түсті. Десе де, 25 цент ол кез үшін қомақты ақша болды. Салыстырмалы түрде айтатын болса, ол кездері сол ақшаға кей америкалық дүкеннен ерлер жейдесін алуға болатын. Бірақ көрменің мыңдаған қатысушылары оны сатып ала алды және бағалай алды.

Тәтті мақта дайындайтын аппараттарды әлемнің түкпір-түкпірінен сатып алып, газеттер мен журналдар оны белсенді жарнамалады.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында тәтті мақта жайлы бүкіл әлем білді. Бір порцияның өз бағасы өте төмен болды, себебі оны дайындауға 10-15 гр қант ғана қажет болатын. Тәтті мақтаны сатушыларды барлық адам көп жиналатын жерлерден кездестіруге болатын: саябақ, жағажай, вокзал, базар.

Тәтті мақта қанттан дайындалатындықтан оны қант диабетімен қиналатын адамдарға жеуге болмайды. Егер мөлшермен жесе, ол сау адамның денсаулығына зиян келтіре қоймайды. Оған қоса, ол көңіл күйді көтеруге көмектеседі.

А. Жапатова