Жетпей тұрған ингредиентті немен алмастыруға болады?
Фото: unsplash.com

Жетпей тұрған ингредиентті немен алмастыруға болады?

Кейде бірдеңе пісірейін деп жатсаңыз, бір ғана ингредиент жоқ болып шығады. Дүкенге жылдам барып келуге мүмкіндік болмаса, не істеуге болады?

Сүт
Егер үйде қойылтылған сүт (сгущенка) болса, оны сумен 1:1 қатынаста араластырыңыз. Сондай-ақ, үйге құрғақ сүт алып қойған артық етпейді: оның жарамдылық мерзімі ұзаққа жетеді және сүт болмай қалған кезде оны сумен араластырып қолдана бере аласыз.

Айран
Айранды табиғи йогурт алмастыра алады. Сондай-ақ, 1 стақан сүтке 1 ас қасық сірке суы немесе 1 ас қасық лимон суын араластырып қолдануға болады. Пісірмелерге айранның орнына сумен араластырылған қаймақты да пайдалана аласыз.

Йогурт
Йогурттың орнына кез келген сүт-қышқылды өнімдерді — қаймақ, айран, ашыған сүтті қолдануға болады. Ашып кеткен сүтті төгіп тастамаңыз, оны пісірмелерге, мысалы, бауырсақ ашытқанға қолданыңыз.

Ірімшік
Пісірмелерге көбіне маскарпоне қолданады. Оны кілегей мен сүзбе қоспасына ауыстыра аласыз. Ал салаттарға қолданатын фетаның орнына сүзбе ірімшікті (брынза) салыңыз.

Шоколад
Егер рецептіге ащы шоколад керек болса, оны өсімдік майының бір бөлігі мен какао ұнтағының үш бөлігі араласқан қоспамен ауыстыруға болады.

Ақ қант
Тәтті пісірмеге қанттың орнына банан немесе бал салуға болады.

Сірке суы
Әдетте, әр ас үйде сірке суы болады. Бірақ егер ол бітіп қалған болса, оның орнына лимон суын пайдалануға болады.

Қопсытқыш
Тәжірибелі ас үй ханшайымдары қопсытқышты ас содасымен алмастыруға болатынын біледі. Бисквит пісіру үшін соданы сірке суымен немесе лимон суымен араластырады. Ал үгілмелі қамырға соданың өзін салады.

Крахмал
Тұздықтарды немесе сорпаны қоюландыру үшін крахмалдың орнына ұн салуға болады. Ал пісірмелерге оның орнына ұнды немесе ұнтақ ботқасын қолдануға болады.

А. Жапатова