Бенто-торт — әлемді жаулаған жаңа тренд

Бенто-торт — әлемді жаулаған жаңа тренд

Тәттілер — кез келген мерекеге арналған керемет сыйлық. Кондитерлер арасындағы жоғары бәсекелестік оларды жаңа идеялар, ерекше дәмдер және десерттерді безендіру әдістерін ойлап табуға итермелейді. Осылайша, классикалық көп қабатты торттар қатарына корейлік бенто-торттар қосылды. Ендеше, бұл жаңа тренд жайлы не білеміз?

Бізге «бенто» сөзі Жапониядан келді. Ол бір немесе екі адамға жететін порция қаптамасын білдіреді. Мұндай порциялық тамақ мектепке апаратын тіскебасарлар және өзіңізбен бірге алып жүретін түскі астар ретінде тараған. Бұл идеяны кондитерлер өз тәжірибелеріне алған.

Торт салатын бірреттік контейнер, астына жайылатын пергамент, тортқа арналған бір шам және бір кішкентай шанышқы немесе қасық — бенто-тортпен бірге жүретін құрауыштар. Әдетте, бенто-торттың салмағы 1 килограмнан аспайды. Мұндай торттың артықшылығы — ерекше безендірілуінде. Олар жастар арасында кең таралған. Бенто-тортты туған күнге, кешірім сұрауға, сезімін білдіруге, кештерге немесе жақынын себепсіз қуантуға жасатады. Бенто-тортқа тапсырыс берерде өзіңіз қалаған сөзді жаздыра немесе суретті салдыра аласыз. Мұндай тортты безендірудегі басты ереже — оның қарапайым болуы. Сондықтан оны көбіне маңызды сөздер жазылған минималды дизайнмен дайындайды.

Бенто-тортты үйден пісіруге болады. Оның негізгі құрауыштары — бисквит, салынды және крем. Бисквитті бұрын дайындап жүрген тортқа секілді пісіресіз, содан соң оны кесемен бірнеше дөңгелектерге бөлесіз. Кремді де, салындыны да өзіңіз қалағандай дайындай бересіз. Ал одан кейін қиялыңызға ерік беріңіз. Жаңа әрі дәмді нәрсе жасау әрқашан жақсы көңіл күй сыйлайды. Қалай десек те, бенто-торт пісіру сіз үшін қызықты тәжірибе болары анық.

А. Жапатова