Устрица жайлы 12 факт

Устрица жайлы 12 факт
Фото: pixabay.com

Теңіз өнімдері барлық адамға бірдей ұнай бермейді. Бірақ кейінгі кездері адамдардың теңіз өнімдері қосылған тағамдарға деген қызығушылығы артып келеді. Солардың бірі — устрицалар. Устрица жайлы 12 қызық факт ұсынамыз.

1-факт. Желінген устрица қабыршағының ең ежелгісі 164 000 жыл бұрын Пиннакл-Пойнт оңтүстікафрикалық үңгірінен табылған. Археологтар устрица қабыршақтарын Еуропа, Азия, Африка және Америка төңірегіндегі алғашқы адамдар қонысынан тапқан. Бір қызығы, табылған заттарды ескерсек, ежелгі еуропалықтар б.з.д  6-шы мыңжылдықта устрицаларды шикілей жеген. Дәл осы уақытта тарихқа дейінгі үндістер жабық қабыршақтарды отқа тастап пісіретін болған.

2-факт. Устрица қабыршағының пішініне қарай оларды тегіс және тостаған бітімдес деп бөледі. Тегіс устрицалар Норвегиядан Солтүстік Африкаға дейінгі Атлант жағалауында кездесетін негізгі түр болған. Бірақ 1920 жылы эпидемия популяцияның 80%-ын өлтірді. Устрицалардың жоғалып кетуінің алдын алу үшін 1970-жылдары еуропалықтар Жапониядан тынықмұхиттық устрицалар сатып алады. Ал оның қабыршағы шұңғылдау болды: ұлу кішкентай тостағанда жатқандай көрінетін. Қазір француздық, британиялық, ирландиялық және голландиялық фермаларда көбіне осындай устрицаларды өсіреді, ал тегіс түрі деликатеске айналды. Тегіс устрицалардың ішіндегі ең танымалы — Белон француздық устрицалары: олар жаңғақ дәмімен белгілі.

3-факт. Францияда устрицаларды таңдау ыңғайлы болу үшін оларды салмағы бойынша калибрлейді. Ең аз калибр — 5, ал ең үлкені – 0. «Бестіктер» (30-45 г) өте кішкентай болғандықтан оларды француздар көбелектер немесе коктейльге арналған устрицалар деп атайды. Әдетте, оларды тамақ алдындағы сусын ретінде ұсынады. Ал шарапқа арналған тіскебасар ретінде «төрттіктер» (46-65 г) және «үштіктер» (66-85 г) беріледі. «Екіліктерді» (86-120 г) көбіне етті устрицаларды жақсы көретіндер шикілей жейді. Мұндай калибрдегі устрицаларды пісіріп, ыстық тіскебасар ретінде де ұсынады. «Бірлік» (121-150 г) және «нөлдік» (150 г-нан жоғары) устрицаларды Францияда ыстық тағамдар пісіруге қолданады.

4-факт. Устрицаны дұрыс ашудың өзі өнер. Француздар устрицаны ашатын шеберді «экайе», ал америкалықтар «шакер» деп атайды. Жаңа ауланған ұлу жинау кезінде жармасын қатты жауып алады да, оны сол күйінде екі аптадай ұстайды. Устрицаны ашу үшін арнайы пышақты қабыршақтың ішіне кіргізіп, бұлшықетті кесіп жіберу керек. Алайда қабыршағын сындырып алмау және ұлуды зақымдамау маңызды. Устрицаларды дұрыс ашу тәжірибе арқылы келеді.

5-факт. Ирландиялық Голуэй қаласында жыл сайын устрица ашудан әлемдік чемпионат өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен экайелер жиналып, устрица ашудағы шеберлігі мен жылдамдығы бойынша жарысады.

6-факт. Қабыршақтың ішінде ұлумен бірге ликер деп атайтын теңіз суы болады. Устрицаны ашқанда әдетте, бірінші суды төгіп тастайды. Ұлу бірнеше секундтан соң екінші суды бөледі. Оны устрицамен бірге ішіп қояды.

7-факт. Устрицаны кесуге болмайды. Қандай үлкен устрица болмасын оны кесуге немесе шанышқымен тесуге болмайды. Ұлуды қабыршақтан тұтас күйінде абайлап алу керек. Тағам талғағыш адамдар устрицаны жүзім секілді бір тамшы шырынын ағызбай жеген дәмді болатынын айтады.

8-факт. Устрицаны шайнау міндетті. Кейде устрицаны шайнамай бірден жұту керегін айтады. Бірақ ол дұрыс емес. Оны бірден жұтып жіберсеңіз, дәмін сезінбей қаласыз. Устрицаның түріне қарай тұзды теңіз дәмінен бөлек қияр, қарбыз, жаңғақ, кілегей, металл, шабылған шөп және басқа да дәмдер сезілуі мүмкін.

9-факт. Устрицаға арналған шанышқыны XVIII ғасырдың соңында ағылшындар ойлап тапқан. Оған дейін корольдік дастархандарда да устрицаны құралсыз, яғни қабыршақтың шетінен ішу арқылы жейтін болған. Ал XIX ғасырдың соңында устрицаға арналған шанышқы міндетті ас үй құралына айналды. Онсыз устрицаны жеу әдепсіз болып саналды. Ал қазір бұл шанышқы қосымша құрал ретінде ғана қолданылады: оны көбіне ұлуды қабыршақтан бөліп алу үшін пайдаланады.

10-факт. Устрица — төмен калориялы өнім. Ол ақуызға және йод, мырыш, кальций, темір, мыс секілді ағзаға пайдалы заттарға бай. Ұлу етінің құрамындағы дәрумендер мен минералдар жүйке, жүрек-қан тамырлар және эндокринді жүйеге жақсы әсер етеді.

11-факт. Устрицаны алкогольге де қосады. 1860 жылы Сан-Францискода бір жігіт бірінші рет устрицаның өзін жеуге қорқып, одан коктейль жасап ішкен екен. Аңыз бойынша, байып кеткен алтын іздеуші адам мейрамханаға бірінші рет устрица жеуге келеді, бірақ оларды көріп, абыржып қалады. Алайда бас тартуға кеш еді. Сол кезде ол ұлу етін вискиі бар стақанға лақтырып жібереді, оған табаско, кетчуп, ақжелкен, тұз және қара бұрыш қосады. Нәтижесі авторға ұнап қалғаны соншалық, мейрамхана иесі бұл коктейльді мәзірге қосады. Қазір устрицалар қосылған алкогольді коктейльдердің түр-түрі дайындалады.

12-факт. Устрицалардан дайындалатын ең танымал рецепт «Рокфеллер» деп аталады. Көкөністер мен шөптерден жасалған тұздыққа дайындалатын устрицалардың рецептісін 130 жыл бұрын Жаңа Орлеанда «У Антуана» мейрамханасының иесі ойлап тапқан. Содан бері ингредиенттер тізімі қатаң құпияда сақталады. 1938 жылы миллионыншы порция сатылды делінеді, ал қазір ол есеп бес миллион «рокфеллерге» жетті. Бұл тағам АҚШ-та танымал, тіпті, «Рокфеллер» устрицаларына арналған мереке де бар. Ол 10 қаңтар күні тойланады.

А. Жапатова