Қымыз ашытқысы

Қымыз ашытқысы
Фото: massaget.kz

Қазақтың күнделікті өмірінде жылқы түлігінен алынатын барлық өнімдер кәдеге асады. Жылқының басты өнімдері сүті мен еті, терісін былай қойғанда қылын, сүйегін, тұяғын, тіпті тезегіне дейін пайдаланған.

Жылқы шаруашылығының басты өнімі – сүті. Басқа үш түліктің сүтінен айран, құрт, май, ірімшік дайындалатын болса, бие сүтінен бір ғана қымыз ашытылады. Қымыз тек шөлді қандырып қоймайды, тамақ та болатын сусын. Әлі күнге дейін бүкіл әлемде бірден шөлді қандырып, екіншіден тамақ болатын қымыздан басқа сусын жоқ.

Қымызға жоғары баға бергендердің бірі орыстың атақты ғалымы В.И.Даль былай дейді: «Қымыз ішуді әдетке айналдырсаң, басқа сусындардан оның артықшылығын сезінесің. Осынау шипалы сусын аштық пен шөлді бірден басады, денені салқындатады. Егер қымызды үзбей ішсең, бір аптадан соң өзіңді сергек сезінесің. Денсаулығың түзеліп, тынысың ашылады, жүзің жарқырап шыға келеді. Мен бұл тұрғыда қымыздың қыс айларында адам денсаулығын сақтап, ұзақ мерзімді ораза ұстауға септігін тигізетіндей қасиетіне тәнтімін. Оны басқа қорек түрлерімен ешбір салыстыруға болмайды.

Қымызды сабада (тері ыдыс) ашытады. Оны тобылғы және қайыңның қыбығымен ыстайтын болған.  Ал қымыздың ашытқысы ретінде мына заттарды салуға болады. 

Ұйытқы

Қор

Қораба

Ерім

Тұз сіңген жылқының жаясы

Ашыған нан

Ашыған бидай көже,

Жылқының жақ сүйегі

Жылқының ортан жілігінің басы (пісірілген)

Қымыздың дәмін келтіріп, күшейту үшін бірнеше қоспаларды қосуға болады. Олар: кепкен сүр қазы, қойдың еті, қойдың құйрығы, қалампыр, күшала, көк қылша, жылқының тобығы, қант, бал, мейіз, кептірілген өрік, құйма күміс (жамбы).

Н. Үсенова