Сұлы ботқасын күнде жеуге бола ма?

Сұлы ботқасын күнде жеуге бола ма?
Фото: ru.freepik.com

Сұлы жармасының ботқасы біреулердің сүйікті таңғы асы болса, басқалары оны мүлдем ұнатпайды. Оның дәмінен бұрын ағзаға пайдасының өзі адамдар арасында пікірталас туғызады. Бұл жарма көмірсуларға бай болғандықтан көпшілік оны артық салмақ қостырады деп ойлайды. Назарларыңызға сұлы жармасының пайдасы қандай екені және оның дене сымбатына зияны тимес үшін рационға қалай қосу керегі жайлы ақпарат ұсынамыз.

Кез келген диетолог сұлы жармасының пайдасы жайлы айтады. Ол құрамындағы баяу көмірсулар мен жасұнықтардың жоғары мөлшерімен ерекшеленеді. Сондықтан оны таңғы асқа жеу ұсынылады: одан кейін ұзақ уақыт тойып жүресіз. Сондай-ақ сұлы жармасы өсімдік ақуыздарына, дәрумендер мен минералдарға (марганец, магний, мырыш және В тобының бірнеше дәрумені) бай. Бұл элементтер ағзаны қажетімен қамтамасыз етіп қана қоймай, жүрек-қан тамырлар ауруларының алдын алады.

Сұлы жармасының ботқасы салмақ қостыра ма? Бұл сұрақ көпшілікті мазалайтыны рас. Артық салмақтың пайда болуына калория көптігі ықпал етеді: энергия жұмсағаннан гөрі оны көбірек тұтынсаңыз, артылып қалған энергия ағзада май қыртыстары түрінде жинала береді. Сұлы жармасының өзі негізі калориялық өнім емес, бірақ одан ботқа дайындарда ескеретін жайттар бар. Сұлы жармасын тек суға қайнатып жейтін адамдар аз. Көпшілік оған қант, бал, тосап немесе шоколад қосқысы келеді. Мұндай қоспалардың калориясы көп. Егер ботқаға жеміс-жидектер қоссаңыз, одан артық салмақ жинау қаупі бірден төмендейді. Сұлы жармасында жасұнық мөлшері көп болғандықтан, ол адамға тоқтық сезімін сыйлайды және біразға дейін қарынды аштырмай ұзақ қорытылады. Сондықтан ол, керісінше, арықтауға көмектеседі.

Бастысы, қанша жейтініңізді бақылаңыз. Мысалы, 30 грамм құрғақ сұлы суға қайнаған соң бір тәрелке ботқаға айналады. Біразға дейін тоқ жүруге осы мөлшер жеткілікті.

Сұлы жармасы бақыт гормоны – серотониннің бөлінуіне ықпал етеді. Сондықтан таңертең бір тәрелке сұлы жармасының ботқасын жеу ағзаңызды құнарландырып қана қоймай, жақсы көңіл күймен де қамтамасыз етеді.

Алайда дүкенде сатылатын кез келген сұлы жармасы пайдалы емес. Кей адамдар уақытты үнемдеу мақсатында кішкентай пакеттерге салынған жылдам дайындалатын сұлы алады. Біріншіден, мұндай өнім көп сатылы өңдеуден өтеді. Қайта-қайта өңдеуден өткен өнімнің құрамындағы пайдалы заттар азая түседі. Екіншіден, мұндай өнімдерге хош иістендіргіштер, консерванттар мен қант қосады. Диетологтар мұндай ботқалардың салмақ қостыратынын айтады.

Егер таңертең ботқа пісіруге уақыт болмаса, кешкісін сұлы жармасын табиғи йогуртпен араластырып, оған жеміс-жидектер немесе жаңғақтар қосып, тоңазытқышқа салып қоюға болады. Бұл ингредиенттерді араластырып тастауға немесе қабат-қабат етіп салуға болады. Таңертең сізді дайын таңғы ас күтіп тұрады.

Тәтті қоспаларсыз суға піскен сұлы жармасы ағзаға өте пайдалы екенін түсіндік. Ендеше, мұндай пайдалы ботқаны күнде жеуге бола ма деген сұрақ туындайды. Кез келген заттың артықшылығы мен кемшілігі болатынын білеміз. Сол секілді пайдалы сұлы жармасының өзінде фитин қышқылы бар. Бұл қышқыл сүйек тінінен кальцийді жуып шығады. Кальций сұлы ботқасында да болғанымен, фитин қышқылы оны ағзаға сіңгізбейді. Сұлы жармасын, әсіресе, сүйегі толықтай қалыптаспаған балалар мен жасы ұлғайған кісілерге күнде жеу ұсынылмайды. Дәрігерлер сұлы ботқасын басқа ботқалармен немесе басқа да тағаммен ауыстырып тұруға кеңес береді.

А. Жапатова