Қатпарлы қамырдан жылдам дайындауға болатын 5 тағам

Қатпарлы қамырдан жылдам дайындауға болатын 5 тағам
Фото: pinterest.com

Әдетте, қамыр дайындап, оның көтерілгенін күтуге біраз уақыт керек. Сондықтан уақыт тығыз кезде тәжірибелі асүй ханшайымдары қатпарлы қамыр қолданады. Қатпарлы қамырды өзіңіз көп етіп басып, мұздатқышқа салып қойсаңыз, ол бұзылмайды. Есесіне, керек кезде мұздатқыштан алып қолдана бересіз. Дайын қатпарлы қамыр болмаса, оны кез келген азық-түлік сататын дүкеннен таба аласыз. Ендеше, қатпарлы қамырдан жылдам дайындалатын 5 тағамды ұсынамыз.

1. Самса
Дайын қатпарлы қамырдан ең оңай әрі тез дайындалатын пісірме – ірімшік қосылған самса. Оны дайындауға қатпарлы қамыр, қатты ірімшік және 1 жұмыртқа болса жеткілікті. Ірімшікті ұсақтап турауға немесе үккіштен өткізуге болады. Қамыр бөліктеріне ірімшікті салып, буыңыз. Оның бетіне жұмыртқаның сарысын жағып шықсаңыз, самса түсі әдемі бола түседі. Салындыны өзіңізге ұнайтын етіп дайындаңыз. Мысалы, ірімшікке аскөк немесе дәмдеуіштер қосуға болады.

2. Картоп бәліші
Бұл тағамды дайындау үшін 500 г тазартылған картопты өте жіңішке дөңгелек етіп тураймыз. Содан соң 500 г тазартылған пиязды жіңішке жарты сақина етіп тураймыз. Картоп, пияз, 0,5 шай қасық тұз, 0,5 шай қасық қара бұрыш және 0,5 шай қасық зираны жақсылап араластырамыз. 1 кг қатпарлы қамырды екіге бөліп, үлкендеуін астына, ал кішісін бәліштің үстін жабуға қолданасыз. Бәліштің бетін шанышқымен бірнеше жерден тесіңіз. Оны 180-200 градуста қыздырылған пеште 40-45 минут пісіресіз. Өте дәмді әрі тойымды тағам шығады.

3. Пицца
Дайын қатпарлы қамырдан уақытыңызды алмайтын пицца дайындауға болады. Ол үшін қатпарлы қамырды жайып, үстіне кетчуп пен майонез жағып, оның үстіне шұжық пен қызанақ қойып, соңынан үккіштен өткізілген ірімшік себуге болады. Әрине, салындыны өз қалауыңызға қарай өзгерте бересіз. Содан соң оны 4-ке немесе 6-ға бөліңіз. Пицца бөліктерін 180 градуста қызып тұрған пеште 20 минут пісіресіз. Пицца піскен соң әркім өзіне бір-бір бөліктен алып жей береді.

4. Круассан
Дайын қатпарлы қамырдан тек тойымды пісірмелер емес, сондай-ақ тәтті десерттер дайындауға болады. Егер ашытқы салынған қатпарлы қамыр алған болсаңыз, оны жайып, үшбұрыштарға бөлесіз. Әр үшбұрышқа бір-бір шоколад бөлігін саласыз. Оларды орап, 200 градуста қыздырылған пешке 15-20 минутқа саласыз.

5. Тәтті тоқаш
Қатпарлы қамырды жайып, шағын бөліктерге бөліңіз. Әрқайсына туралған банан, шокалад бөлігін салып, аздап даршын сеуіп жіберіңіз. Шоколадтың орнына нутелла немесе қойылтылған сүт жағып жіберуге болады. Содан соң тоқаштардың бетіне жұмыртқаның сарысын жағып, 200 градуста қыздырылған пешке 15 минутқа салып аласыз. 

А. Жапатова