Дұрыс тамақтану: Пайдалы тіскебасарлар

Салауатты өмір сүру салтының бір қағидасы – дұрыс тамақтану. Дұрыс тамақтануға көшкен кезде пайдалы тіскебасарлар өте аз секілді көрінеді. Сіздерге 7 пайдалы тіскебасарды ұсынамыз.

Алма қытырлақтары мен кепкен жемістер
Мұндай қытырлақтардың артықшылығы – оларда май мен артық калорияның болмауы. Оларды дайындау үшін жемісті жіңішке етіп турап, пешке салып кептіру керек. Сондай-ақ өзіңізбен бірге кепкен жемістер алып жүріңіз. Олар қарынды тойдырады және әр кепкен жемістің қосымша пайдасы да бар: мысалы, мейіз жүйке жүйесін қатайтады, өрік арықтауға көмектеседі, ал құрма шаршағанды басады.

Пешке пісірілген алма
Алма пайдалы, бірақ балғын алма тамаққа тәбетті ашуы мүмкін. Сондықтан алма ішіне жаңғақтар салып, пешке пісіріп көріңіз. Оны мультипісіргішке де дайындауға болады.

Тауық еті мен көкөністер салынған лаваш
Егер лавашқа суға піскен тауық еті мен көкөністерді салып, майонез қоспасаңыз ғана ол пайдалы тағам болады. Бірақ бұл тағамды да аса көп жемеген жөн. Себебі лавашта көмірсулардың көп мөлшері бар.

Жемістер салынған йогурт
Қантсыз және жемістер салынған табиғи йогурт – дәмді әрі дұрыс тіскебасар. Оған жаңғақтар қосуға да болады, ол кезде жылдам тоясыз. Йогурттың орнына айран қолдануға болады.

Суға піскен жұмыртқа
Жұмыртқаны суға пісіре салу оңай және оны өзіңізбен бірге ыдыспен алып жүру де сөмкеңізден аса бір орын алмайды. Оның қасына көкөністер салып алуға болады. Бірақ жұмыртқаға тұз сеппеңіз.

Көкөністер қосылған омлет
Екі жұмыртқаға жарты стақан сүт қосып, жақсылап араластырып, оған туралған қызанақ салып, омлет жасаңыз. Бұдан тойымды тіскебасар шығады.

Жемістер салынған сүзбе
Бұл тіскебасарға майсыз сүзбе (майлылық үлесі 5%-дан төмен) қолданыңыз. Оған сүйікті жемістеріңізді турап салыңыз.