Ас үй түсін таңдау

Ас үй түсін таңдау
Фото: Studentams

Ас үйде отбасы мүшелері бас қосып, бірге тамақтанады, әңгімелеседі, кейде үй тапсырмасын орындайтын жерге де айналып кетеді. Бәрінен бұрын ас үйдің интерьері, таңдалған түсі үйдегі отанасына ұнауы тиіс, себебі ол оның жеке кабинеті деуге де болады. Бұл жерде әзірленген тағамдардың дәмді боп шығуы сол кісінің көңіл күйіне тікелей байланысты.

Сұр түс
Бұл – бейтарап түс, сондықтан да көпшілік үйдің ас үйіне әрлеуге осы түс қолданылады. Сұр түсті ас үй – суық, жайсыз деген пікірлер де бар, бірақ мұнда сұрдың қай реңі пайдаланылғаны және басқа түстермен үйлестірілгені маңызды. Бір жылы түске басымдық беріңіз де, өзге аксессуарларды, ас үй құралдарын сары, ашық көк түсінен таңдаңыз.

Қою көк түс
Мұндай ас үй қымбат, кербез көрінеді. Қою және ашық көк түстер кең  ас үйге де, шағын ас бөлмесіне де жақсы үйлеседі. Бұл түс таза, жайлы атмосфера түзеді. Ас үй жиһазын, қабырғаны, тіпті бөлменің төбесін де қою көк түспен әсемдеуге болады. Қою түстермен үйлестірсеңіз ерекше көрінуі мүмкін, алайда оны мейлінше аз қолданып, ақшыл, ашық сұр түстермен астастыруға тырысыңыз. Жиһаздарыңыздың құнын түсіргіңіз келмесе, бұл жерге сары, қызғылт сары түстерді араласырмағаныңыз абзал.

Сары
Күн шапағындай бұл түсті таңдасаңыз ас үйіңізді жарық пен жылуға толтырып, ішінде үнемі көңілді жүруге болады. Кейбірі сары түс тәбетке кері әсер етеді деген пікір білдіруі мүмкін, алайда отанасы әзірлеген кулинарлық шедевр айналаның түсімен өлшенбесі белгілі. Қабырғалар не шкафтар сары түспен шуақ шашып тұрса, дастарқан басына жиналғандарға да көтеріңкі көңіл сыйлайды. Әсіресе ас үй көлемі кіші болса, бұл өте ұтымды таңдау, себебі сары түс бір көргенде бөлмені кең етіп көрсетеді. Оған сұр және ақтың түрлі реңін үйлестіре аласыз.

Жасыл
Ас үйге арналған ең жақсы таңдау. Бұл түстің реңінде де шек жоқ: жалбыз түсінен бастап сарғыш жасыл, жасыл алма түсіне дейін, тіпті зүмірет (изумруд) түсінен таңадасаңыз да қателеспейсіз, батыл шешім деуге болады. Жасыл алма реңін таңдасаңыз, ол ақ және ағаш түстерімен керемет үйлесім табады. Ас үй жиһазын ғана емес, қабырғаны, ас үй құралдарын, тіпті еденді де жасыл түсті етіп жасауға болады.

Қызыл
Кез келген пәтер иесі ас үйіне қызыл түс таңдай алмайды, интерьерге жаңалық қосып, батыл шешім қабылдайтындар ғана бұл түсті еркін таңдайды. Егер ас үй сәл қараңғы болса, қызыл түс оның өңін аша түседі. ас үй жиһазы не қабырға қызыл түсте болуын қаласаңыз, тағы да қою қызыл, жидек түстерін таңдауға болады. Мысалы үстелдер, дастарқан жапқышы не шайнегіңізді таңдауда осы түстердің үйлесіміне мән беріңіз.

Ақ
Ас үйге ақ түс сәйкес келмейді деп ойлайсыз ба? Көптеген пәтер иесі мен дизайнерлер бұл ойды құптамайды. Жылтыраған аппақ ас үй жиһазы, аппақ қабырға көпшіліктің назарын бірден аудартады. Тіпті ең кіші бөлмеңіз осы ас үй болса да, түсі ақ болғандықтан кең көрінеді. Төбесі де биік секілді көрініп тұрады. Таза болу-болмауына алаңдамаңыз. Ақ түсті шкафтарға жұққан дақ бірден білініп тұрса, оған алаңдамаңыз, есесіне толық тазалық күніне қалдырмай, жұққан кірді бірден сүртіп алып отырасыз.

Қара
Батыл шешімді талап ететін түстің тағы біреуі осы. Ас үй жиһазын қара түсінен таңдар болсаңыз, материал сапасы мен стильдің бірегей болуына баса мән беріңіз. Егер балаларыңыз бар болса, шакфтардың бірі сурет салатын тақта етіп арнауға болады. Мұнда олар жақсы лебіздерін жазып, бір-бірінің суретін салып, шаттанып жүреді. Ал қасбеттерін жылтырақ (глянцевый) емес, күңгірт (матовый) түсінен алыңыз, жылтырақ қасбетке саусақ ізі түссе, көзге жаман көрінеді.

@. @assel_assanova