Крахмалды тұрмыста қалай қолданамыз?

Крахмалды тұрмыста қалай қолданамыз?
Фото: aidigo.ru

Крахмалды көптеген нәрселерге пайдалануға болады. Тамақ дайындауда крахмалдың 3 негізгі түрі қолданылады: картоп, жүгері және күріш крахмалы. Ас үйіңізде крахмал болса, оны қайда қолдануға болатынын оқыңыз.

Крахмалды тұздыққа жиі пайдаланды. Ол тұздықты қоюлау әрі оның дәмін қанығырақ етеді.

Бисквитті үлпілдек еткіңіз келсе, ұнның 10 бөлігіне 1 крахмал бөлігін салыңыз. Сол кезде қамырыңыз жұмсақ әрі борпылдақ болады.

Ет пен балықты қуырарда крахмал мен дәмдеуіштер қоспасына аунатып алсаңыз, еті шырынды, ал сырты қытырлақ болады.

Суға бірнеше қасық крахмал салып, қасық пен шанышқыларды шайып алсаңыз, олар жылтырай түседі.  

Крахмалды желім ретінде де пайдаланады. Оны біреулер суға езу арқылы жасаса, басқалары суға салып қайнатады. Онымен қағазды, картонды немесе матаны жабыстыруға болады.

Тамаққа крахмал қоссаңыз, ол дәмнің бір бөлігін өзіне алатынын ескеріңіз. Сондықтан тұз, қант немесе дәмдеуішін әдеттегіден көбірек қосуға болады. Бірақ крахмалды мөлшерден көп қолдануға да болмайды. Әйтпесе, мысалы, құймағыңыз резеңке сияқты болып кетеді.

А. Жапатова