Қияр тұздығын төкпеңіз!

Жаз соңында қыстың қамын ойлап, ас үй ханшайымдары көптеп банка жабады. Қыста сол салаттар, компоттар және тұздалған қияр мен қызанақтардың рахатын көреді. Тұздалған қиярдың өзін жеп қана қоймай, суын да пайдаға асыруға болады.

Сорпаға қосу
Тұздалған қиярдың суын қышқылтым сорпаға жиі пайдаланады. Қышқылтым сорпаның басты ингредиенті – тұздалған қияр. Бірақ оған қиярдың суын да құйып жіберсеңіз, сорпаңыз одан әрі дәмді бола түседі. Алайда сорпаның тұзын тексеріп алыңыз: егер тұздалған еттен сорпа дайындаған болсаңыз, оған қиярдың суын көп қосып жіберіп, тағамыңызды тұзды етіп алмаңыз.

Ет маринадтау
Қияр тұздығымен етті маринадтасаңыз, етіңіз жұмсақ әрі шырынды болады. Етті майдалап турап, оған қияр тұздығын құйып, шамамен 3-4 сағатқа қалдырыңыз. Содан соң сұйығын төгіп, етке дәмдеуіштер қосыңыз. Ары қарай оны қуыруға немесе бұқтырып пісіруге болады. Оны кез келген етке қолдана аласыз.

Картоп пісіру
Картопты, әдетте, тұз қосылған суға пісіріп аламыз. Ал сол суға аздап қияр суын қоссаңыз, картоп ерекше дәмге ие болады.

Екінші рет тұздау
Тұздалған қиярдың суын екінші рет тұздауға пайдалануға болады. Мысалы, сәбіз, қызылша немесе пиязды жақсылап тазартып, орташа бөліктерге бөліп, құтыға саласыз. Оның үстіне қияр тұздығын құйып, тоңазытқышқа бірнеше күнге қалдырыңыз. Бірнеше күнде маринадталған көкөністерді түскі аспен бірге ұсынасыз. Қияр тұздығына тек көкөністерді емес, ірімшікті, сүзбе ірімшікті және жұмыртқаны маринадтауға болады. Ғаламторда оларды маринадтаудың жолдары көптеп кездеседі.

Қамыр дайындау
Қияр тұздығын қамыр дайындауда да қолданады. Оны сұйық ингредиенттің орнына пайдаланады. Мысалы, қамырға әдетте қолданатын суды немесе сүтті қияр суымен ауыстырып көріңіз.