Шәй ішіп кет, мен ұсынған кеседен...

Шәй ішіп кет, мен ұсынған кеседен...

Шәй – жаныңызды жадыратып, бойыңызды сергітетін кереметтей сусын ғана емес, бейтаныс адаммен жақсырақ танысу үшін көмектесетін, құрбыңызбен болатын құпия әңгіменің майын тамызып, мәнін кіргізуде үлкен рөл атқаратын, күткенде уақытты өлтіретін пайдалы құрал да болып саналады. Кез-келген уақытта, кез-келген жағдайда «бір шыны шәй ішу» ұсынысын жасауға әбден болады. Алайда, шәй ішу салтанатын өткізу оңай шаруа емес, кейбір кезде ол нағыз өнерді талап етіп жатады. Бүгін біз сіздермен сол өнерді бірге меңгеруге тырысатын боламыз.

Жақсы қожайын үй жағдайында шәй ұсынудың қыр-сырын жақсы біледі. Ол үшін ең бастысы: таза әрі бүтін ыдыс, қыртысы жазылған дастархан, қант, лимон, сүт немесе қаймақ, тәтті бәліштер мен жылы шырай керек. Сіздің үйіңізде аталғандардың барлығы болса, кез-келгенге «шәй ішіп кет, мен ұсынған кеседен» дей беруіңізге болады.

Ал кеңседе ше? Онда бәрі де басқаша! Кеңседе шәй ұсынудың жадыңызда жүруге тиіс бірнеше ресми қағидалары бар. Ендеше, сол ережелермен таныс болыңыз.

• Қатысушылардың саны көп іскери келіссөздерде шәй ішу салтанатын арнайы үстелдерде ұйымдастырған дұрыс. Әрбір қонаққа аса өткір емес етіп(орташа) демделген классикалық қара шәй ұсыныңыз. Шәйді сол жақтан алып келесіз. Шәймен бірге туралған лимон, печенье, конфет қойғаныңыз дұрыс.

• Егер қонақтар шет елдік болса бәрі де басқаша болмақ. Олардың қалауын сұрауыңыз керек. Мүмкін, олар көк шәй немесе сүт қосылған қара шәй сұрап қалар(көк шәймен лимон апарсаңыз артық емес)...

• Өз бастығыңыз бен әріптестеріңізге шәй ұсыну бәрінен де оңай. Олардың талғамын білсеңіз жетіп жатыр. Бастысы - шын ықылас пен таза ыдыс.


• Аса көп адам жиналған іс-шараларда(семинар, конференция) шәйді швед дастарханының үлгісі бойынша ұсынуға болады. Бұл жерде арнайы шәй қалталары мен бір рет пайдаланылатын ыдыстар қойылады. Бутерброд, печенье, кәмпит, майлықтардың жеткілікті мөлшерде болуын қадағалаңыз.

• Аксесуарлардың барлық түріне шәй құюды үйрену аса қиын шаруа емес. Бастысы, асықпаңыз және ұқыптылықпен атқаруға тырысыңыз. Шәй үшін сатып алынған ыдыстарды бөлек жерде сақтау керек. Қант мен сүтті таңдауда да абай боғаныңыз жөн. Сапасына, сақталу мерзіміне назар аударыңыз.

Жаныңызға жақын адамға ыстық ықыласпен ұсынған бір шыны шәйіңіз қашанда дәмді болсын!

Суреттер:medicrf.ru,statusnew.ru,zeremonia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева