Массагеттен мәзір: Гратен

Массагеттен мәзір: Гратен
Фото: massaget.kz

Гратенді француздар ойлап тапқан. Ол нақты тағам емес, ол дайындалу жолы – гратиндеу дегеннен шыққан. Яғни, ол осы жолмен дайындалған кез келген тағам болуы мүмкін. Ірімшіктен жасалған әдемі қабықшасы бар кез келген пісірме – гратен бола алады. Бүгін біз картоптан және гүлді қырыққабаттан жасалатын гратеннің дайындалу жолын ұсынамыз.

Қажетті азық-түліктер:

- 5 картоп;
- 1 бас гүлді қырыққабат;
- 2 жұмыртқа;
- 1 стақан сүт;
- 200 г ірімшік;
- тұз, қара бұрыш;
- 30 г кілегей маргарині.

Тазартылған және жуылған картопты суы бар ыдысқа салып, аздап тұз қосып, отқа қоямыз. Оны 15 минут қайнатамыз.

Гүлді қырыққабатты гүлшоғырларға бөліп, салқын сумен жуамыз.

Оны ыдысқа салып, үстіне қайнаған су құйып, аздап тұз салып, отқа қоямыз. Қырыққабатты 7 минут қайнатамыз.

Піскен картопты дөңгелектеп тураймыз.

Табаға кілегей маргаринін жағамыз.

Табаға картоп бөліктерін салып, үстіне тұз бен қара бұрыш себеміз.

Содан соң қырыққабаттың гүлшоғырларын салып, аздап тұз бен қара бұрыш себеміз.

Ыдысқа жұмыртқаны салып, оған аздап тұз бен қара бұрыш салып, шанышқымен араластырамыз. Өзіңізге ұнайтын басқа да дәмдеуіштер қосуға болады.

Жұмыртқаға 1 стақан сүтті құйып, барлығын жақсылап араластырамыз.

Табаға жұмыртқа қоспасын құйып, оның үстіне кілегей маргаринінің бөліктерін салып, содан соң бетіне үккіштен өткізілген ірімшікті қоямыз. 

Тағамды 180 градуста қыздырылған пеште 40 минут пісіреміз.

Гратен дайын!

А. Жапатова