Массагеттен мәзір: "Құмырсқаның илеуі"

Массагеттен мәзір: "Құмырсқаның илеуі"
Фото: massaget.kz

Еттартқыштан тартылған "құмды" қамырдан дайындалатын балалық шақ десертінің бірі – "құмырсқаның илеуі". Оның қамырын үккіштен өткізу арқылы да пісіруге болады. Оған ұқсас тағамдар басқаша атаумен әр мемлекетте бар. Бұл десерттің дайындалу жолын ұсынамыз. 

Қажетті азық-түліктер:

- 500 г ұн;
- 100 г қант;
- 300 г кілегей маргарині;
- 1 жұмыртқа;
- 100 г қаймақ;
- 1 шай қасық қопсытқыш;
- 1 шым-шым тұз;
- 1 құты пісірілген қойытылған сүт.

Ыдысқа ұн, қант, қопсытқыш және тұз салып, барлығын араластырамыз. 

Тоңазытқышта салқындап тұрған 200 г маргаринді төртбұрышты етіп турап, ұн қоспасына салып, барлығын араластырамыз. Алайда, ұзақ уақыт араластырмауға тырысамыз.

Оған жұмыртқа мен қаймақты салып, қамыр жасаймыз.

Қамырды бірнеше бөлікке бөліп, пакетке орап, алдымен 30 минут тоңазытқышқа, содан соң 15 минут мұздатқышқа салу керек.

Противеньге пергамент қағаз жайып, қамырды үккіштің ірісінен өткіземіз. 

Оны 200 градуста қыздырылған пеште 10-15 минут ұстаймыз. Қызара бастағанда пештен шығарасыз. Бәрі бірден противеньге сыймайды, сондықтан, екі-үш ретке бөліп пісіруіңіз мүмкін. 

Піскен қамыр суыған соң, қолмен ұсақтаймыз. Тіптен, ұнтақтап тастаудың қажеті жоқ. 

Крем дайындау үшін қойытылған сүтке 100 г ерітіліген маргарин салып, жақсылап араластырамыз. Бұл кремді қамыр ұнтағына салып, барлығын араластыру керек. 

Бұл тәттіні екі шағын ыдысқа немесе бір үлкен ыдысқа салуға болады. 

Бетін үккіштен өткізілген шоколадпен, ерітілген шоколадпен, ұсақталған жаңғақтармен немесе қант ұнтағымен безендіруге болады. Оны тоңазытқышқа салып қою керек.

"Құмырсқаның илеуі" десерті дайын!

Біздің мақалалар Telegram желісінде. Арнамызға қосылыңыз!

А. Жапатова