Массагеттен мәзір: Етпен ұсынылатын драниктер

Массагеттен мәзір: Етпен ұсынылатын драниктер
Фото: massaget.kz

Драниктер қуырылған етпен де жақсы үйлесім табады. Ендеше, тойымды әрі ерекше тағамның жасалу жолын ұсынамыз.

Қажетті азық-түліктер:

- ет;
- 1 пияз;
- 1 сәбіз;
- 1 қызанақ;
- 1 болгар бұрышы;
- 5-6 саңырауқұлақ (міндетті емес);
- тұз, қара бұрыш, қызыл бұрыш және сарымсақ;
- 2 ас қасық қаймақ немесе томат;
- аскөк.

Драникке қажетті азық-түліктер:

- 1 кг картоп;
- 1 пияз;
- 1 жұмыртқа;
- 2 ас қасық ұн;
- тұз, қара бұрыш және сарымсақ (міндетті емес).

Пиязды жіңішке етіп тураймыз.

Етті төртбұрышты етіп тураймыз.

Қазанға аздап май құйып, алдымен пиязды, содан соң етті салып қуырамыз.

Етке дәміне қарай тұз, қара бұрыш және қызыл бұрыш саламыз.

Етке аздап су құйып, аз отта 30-40 минуттай пісіреміз.

Сәбізді ірі етіп тураймыз.

Еттің суы азайған соң, оған сәбізді саламыз.

Саңырауқұлақты да ірі етіп тураймыз.

Туралған саңырауқұлақты етке саламыз. 

Болгар бұрышын ірі етіп тураймыз.

Қызанақты ұсақтап тураймыз.

Қазанға болгар бұрышын, қызанақ және сарымсақ саламыз. Қосымша су құюдың қажеті жоқ. Себебі саңырауқұлақтың суы шығады. Қазанның қақпағын жауып, жай отта 10 минут пісіреміз. 

Соңында туралған аскөк пен қаймақ салып, жай отта 5 минуттай ұстаймыз. Егер оның орнына томат қолдансаңыз, оны басында етті қуырған соң салып жіберіңіз.Көкөністер мен саңырауқұлақ қосылған ет дайын!

Картопты үккіштің ұсағынан өткіземіз.

Картопқа ұсақтап туралған пияз, жұмыртқа, тұз, қара бұрыш, сарымсақ және ұн салып, барлығын жақсылап араластырамыз.

Табаға май қыздырып, құймақ секілді құйып, драник пісіреміз. Драниктің ортасы жақсы пісуі үшін жіңішке етіп салыңыз. Оны табаға ожаумен немесе қолмен пішін беріп, салуға болады.

Драниктер қызарған соң, келесі жағын қуырамыз.

Етпен ұсынылатын драниктер дайын! Бұл тағамның қасына қаймақ және көкөністі салат жақсы үйлеседі.

А. Жапатова