Итальяндық десерт – панакота

Итальяндық десерт – панакота
Фото: Twitter

Адамдардың екі типі бар: бірі панакотаны ұнатса, басқалары тирамису жақсы көреді. Панакота итальян тілінен аударғанда «кілегейден жасалған тосап» дегенді білдіреді. Бұл десерттің негізін тығыз кілегейлі (сливочный) крем құрайды, оның дәмі жеміс-жидектермен керемет үйлесім табады.

Дәстүрлі панакота кілегейлі-ақ түсті болады. Бірақ, қалауыңызша желатинді ыстық шоколадта немесе жемісті шәрбатта еріту арқылы оған түс қосуға болады. Бұл десерт романтикалық немесе мерекелік асқа жақсы келеді.

Классикалық панакота

Ингредиенттер:

- 25%-дық 1,5 л кілегей;
- табиғи ванильдің 1 сабағы;
- 100 мл сүт;
- 10 г желатин;
- 0,5 стақан қант.

Дайындалу жолы:

Жарты кесе салқын суға 1 пакет желатин салып, бөртуі үшін қойыңыз. Басқа ыдысқа кілегей құйып, араластыра отырып қант салыңыз. Одан соң оған ваниль сабағын салыңыз. Осы қоспаны отқа қайнағанша қойыңыз. Кілегей көтеріле бастағанда оттан алып тастаңыз. Қоспа ванильмен бірге біраз тұрған соң, оны ішінен алып тастаңыз. Қоспа суығанша күтіңіз. Сол уақытта желатинге сүт қосып, аздап қыздырыңыз. Желатин сұйық болған соң оны кілегей қоспасына қосыңыз. Оны жақсылап араластырып, ыдыстарға құйып, минимум жарты күнге тоңазытқышқа жіберіңіз.

Кофе панакотасы

Ингредиенттер:

- 36%-дық 400 мл кілегей;
- табиғи ванильдің 1 сабағы;
- 200 мл сүт;
- 15 г желатин;
- 70 г стақан қант;
- 20 г кофе түйіршіктері;
- 100 г құлпынай;
- 1 лайм қабығы;
- балғын жидектер.

Дайындалу жолы:

Кілегейді сүтпен араластырып, оған қант, ваниль, үккіштен өткізілген лайм қабығын және бүтін кофе түйіршіктерін салыңыз. Бұл қоспаны қайнатуға дейін апарып, 50°С дейін суытыңыз. Оған алдын ала суға ерітілген желатинді салып, араластырыңыз. Дайын қоспаны ыдыстарға құйып, тоңазытқышқа 1,5 сағатқа салыңыз. Балғын құлпынайды қантпен араластырып, ас қасықпен езіңіз. Бұл соусты салқындатылған панакотаға құйып, жидектермен безендіріңіз.

А. Жапатова