Мультипісіргіш таңдауға қажет кеңестер #2

Мультипісіргіш таңдауға қажет кеңестер  #2
Фото: multivarki-russia.ru

Мультипісіргішті қыздырғыш элементі, микропроцессоры және температуралы тетігі бар «ақылды кәстрөл» десек болады. Егер мультипісіргішті өзіңізге не жақыныңызға сыйлыққа алатын болып шешсеңіз, мына кеңестерге көз жүгіртіңіз.

Басы

7-кеңес. Температураны автоматты түрде ыстық күйінде ұстап тұратын режимді сөндіру батырмасының болғаны жақсы. Мультипісіргіштің барлығында дерлік тағамды ыстық күйінде ұстап тұратын функциясы болады. Ол тамақ піскен бойда автоматты түрде қосылады. Бұл функцияны сөндіру үшін мультипісіргішті тоқтан ажыратуыңыз керек. Мысалы, таңертең үйден шығып бара жатып, мультипісіргішке компот дайындауға қойып кетіп, кешке суық күйінде ішкіңіз келуіңіз мүмкін. Сондықтан тоқтан суырмай, алдын ала қыздырып ұстап тұратын функцияны сөндіретін батырмасы бар түрін таңдауыңызға болады.

8-кеңес. Қақпақ – мультипісіргіштің мұқият қарайтын маңызды деталі. Біріншіден, оның ішкі қақпағы алынбалы-салынбалы екеніне көз жеткізіңіз. Сол кезде оған жиналған май мен кірді кетіру оңай болады. Кей мультипісіргіштің қақпағы толықтай шешіледі. Ол да тазалауға ыңғайлы болады. Екіншіден, сатып аларда қақпақта ешқандай тесік болмауын, тығыздағыш резеңке қатты жабысып тұрғанын және ешқандай ақау болмауын мұқият тексеріңіз. Үшіншіден, қақпақтың корпусқа бекітілген жеріне қараңыз. Ол жердегі пластмасса деталь жалпақ әрі берік болуы керек. Төртіншіден, қақпақ қандай жолмен жабылатынына қараңыз. Негізі клавишті жолмен емес, құлыптымен жабылғаны дұрыс. Себебі клавишті жолмен жабылатын қақпақтар уақыт өте жылдам бұзылады.

9-кеңес. Егер ақша үнемдегіңіз келсе, корпусы пластикалық немесе тот баспайтын болаттан жасалған түрін таңдаңыз. Корпус материалы тамақ сапасына және техника жүйелігіне әсер етпейді. Егер пластикалық материал алатын болсаңыз, сапалы түрін таңдаңыз. Уақыт өте ақ пластик сарғаяды. Сапалы пластиктен иіс шықпау керек. Мультипісіргішті оңға және солға қозғап көріңіз, сапалы пластиктен сықырлаған дыбыс шықпауы тиіс. Тот баспайтын болат түрі берік әрі әдемі көрінеді және оңайлықпен сырыла қоймайды. Алайда ол ауыр және қымбаттау болып келеді.

10-кеңес. Мультипісіргіште ылғал жинағыш болуы керек. Ылғал жинағыш барлық мультипісіргіште бола бермейді, алайда ол өте қажет. Бұл функцияның арқасында тамақ пісіру кезінде корпус сырты мен қақпақ жиегі ылғалданып тұрмайды.

11-кеңес. Резеңке аяқтар – құрылғыға міндетті талаптың бірі. Резеңке аяқтар немесе кішкентай қосымшалар – мультипісіргіштің үстелде берік тұруына және сырғанамауына көмектесетін шағын детальдер. 

А. Жапатова