Мандарин үй ішінде де өседі

Мандарин үй ішінде де өседі
Фото: vk.com

Мандаринді білмейтін адам жоқ. Ол субтропиктік және тропиктік аймақтарда өсетін болса да, тасымалдауға өте қолайлы болғандықтан әлемнің кез келген өңіріне жеткізіледі. Ал, сол жемісті климаты қаталдау аймақта ашық жерде өсіруге болмағанмен, үй ішінде өсіруге әбден болады.

Қазір үйдің ішінде ірі гүлдерді, айтарлықтай көлемдегі лимон, мандарин өсіруге қолайлы ыдыстар жеткілікті. Оны кез келген қаладағы гүл, жеміс-жидек, көкөніс тұқымдарын сататын дүкендерден таба аласыз. Жалпы мандарин оншалықты кірпияздығы жоқ, өсіруге қолайлы жеміс. 

Тұқымын да көп іздеп жатпайсыз, жеу үшін алынған мандариннің (әрине, таңдаулысының) дәнін аласыз да, бірнеше күн кептіріп, сол сатып алған ыдысыңыздағы (алғашында кішірегіне) топыраққа себесіз. Ал, топырақ таңдағанда оны да сол гүл, тұқым дүкенінен табуға болады. Торфты көп қосудың қажеті жоқ. Цитрустық өсімдікке арналған кез келген жеңіл қоспа жарай береді. 

Ылғалды топырақты мандарин дәні 2-3 аптада, бәлкім 1 айда өсіп шығып, бой көрсетеді. Тіпті кейде өсуінің кідіретіні бар. Жоғарыда кірпияздығы жоқ десек те, оған күтім жасауда біраз жайды ескерген жөн. Ең алдымен оған күннің жарығы керек. Жалпылай айтсақ, жыл бойы тәулігіне оған 12 сағат жақсы жарық түскені абзал. 

Екінші қажетті нәрсе – су. Әсіресе, жазда қандырып суару қажет. Бірақ суға бөктіруге болмайды. Алдында шағын ыдыста өсірілсе, ағаштың өсуіне, көлемінің үлкеюіне байланысты оны үлкенірек ыдысқа ауыстырады. Барлық ағаш сияқты үй ішіндегі мандаринге де тыңайтқышпен қоректендіру қажет. Бұған минералдық та, органикалық та тыңайтқыштар жарайды. Үй жағдайында мандариннің биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді. 

Ж. Жұмағұлов