Бәліштің ортасы піспей қалса

Бәліштің ортасы піспей қалса
Фото: YouTube

Бәлішті пешке салғаннан кейін аңқыған иісі шыға бастағанда пештен алғанша асық боламыз. Кейде сырты қып-қызыл болып пісіп, күйетіндей бола бастағанда пештен алсақ, ортасы шикі болып шығады. Оған ең алдымен пешке салғанда температура мен уақытты дұрыс қоймау себеп болады. Әдетте көпшілігі тез піссін деген ниетпен 220 градусқа қояды. Бұл көбінесе қателік болады. Көп жағдайда 160 градуста бәліштер жақсы піседі. Температураны осы шамаға қойсаңыз, уақыты 30 минут болғаны жөн. Бұл уақытта да бәліш қырық құбылуы мүмкін. Ол енді пісірмеңіздің көлеміне де байланысты.

Әдетте, қамыры піскен-піспегенін сіріңке не ши арқылы тексереді. Ағаштан жасалған нәрселерді бәлішке сұғып көргенде, қамыры жабыспай, сіріңке құрғақ боп шығуы керек. Сонда бәліштің ортасы толық піскенінің белгісі. Шикі емес екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана пештің температурасын жоғарылатуға болады. Бұл бәліштің тәбет тартарлық болып қызарып шығуына сеп болады.

Ал егер барлығы кеш болды деп ойласаңыз, яғни сырты қып-қызыл болып, іші шикі болып шықса, оны әлі де қалпына келтіруге болады. Пештің температурасын бәсеңдетіп қоясыз да, бәлішті қайта саласыз. Маңыздысы, пешке қайта салар алдында сол температураға шыдамды материалмен – фольга не пергамент қағазбен орауды ұмытпаңыз.

Бұл әрекет те көмектеспесе, демек бәліштің құрамын мұқият қарамағансыз.

Кейде бәліштің сырты пісіп, ортасы піспей қалуы пешке де байланысты. Сондықтан бірінші не екінші пісіргеннен кейін бірден пештің «тілін» түсініп алуға тырысыңыз. Ол үшін пештің отын ең төменгі температураға қойып, ақырын-ақырын көтеріңіз. Сонда қамыр асықпай көтеріліп, ортасы да жақсы піседі.

Ал бәліштің іші-сыртын толық пісірудің амалын мүлде таба алмай, пешіңіз дос бола алмай қойсаңыз, бәлішке арнайы қалып сатып алыңыз.

@. @assel_assanova