Табиғат аясына алып шығатын ерекше тағамдар

Жаз – саяхат пен серуеннің маусымы. Табиғат аясында сейіл құрып, таза ауамен тыныққанға не жетсін? Ал егер далада дастархан жайып, оның үсті өзіңіз пісірген тағамдармен толып тұрса тіптен ғажап. Демалыс маусымында отбасыңызды не достарыңызды қуантқыңыз келсе, мына мәзірлермен танысып көріңіз. Саяхатқа алып шығыңыз.

Қатпарлы қамырлы бутерброд 

Қажетті азық-түлік: 
- Ашытқысыз қатпарлы қамыр;
- 3 қызанақ;
- 1 жұмыртқаның ағы;
- 5 тілім ірімшік ;
- 3 ас қасық зәйтүн майы;
- дәміне қарай дәмдеуіштер, сарымсақ, бұрыш және тұз.

Дайындалуы: 
1. Дайын қамырды жайылған ұн үстінде жазып, қалыңдығын 1 сантиметр қылып, төртбұрышты пішінде кесеміз. 
2. Қызанақты жұқалап тураймыз. Ірімшік тілімдерін кесілген қамырдың үстіне қоямыз да, оның үстіне қызанақты орналастырамыз. 
3. Май, сарымсақ, бұрыш және жұмыртқаның ақуызын араластырып, бутербродтың үстіне жағамыз. 
4. Бутербродтарды пергамент қағазы төселген пештің қалыбына орналастырып, пеште 180 градуста 7 минуттай ұстаймыз. 

Көкөніс қосылған ірімшікті маффиндер 
Қажетті азық-түлік: 
- 3 ас қасық сары май;
- 250 мл сүт;
- 200 г ұн;
- 100 г ірімшік;
- 1 жұмыртқа;
- 8 г қамыр қопсытқышы;
- 1 шай қасық қант;
- тұз;
- 1/2 қызыл болгар бұрышы;
- саумалдық (шпинат);
- 1/2 цуккини.

Дайындалуы: 
1. Сары майды отта ерітеміз. Еріген майға сүт, жұмыртқаны араластырамыз. Ұн сеуіп, қамыр қопсытқыш, қантпен, тұзбен араластырамыз. Ірімшікті үккіштен өткізіп, дайын қоспаға саламыз. Қалған ұнды қосып, тағы араластырамыз.
2. Көкөністерді және шпинатты турап, қамырға қосып, жақсылап араластырамыз.
3. Дайын қамырды маффиндерге арналған қалыптарға саламыз, пеште 180 градусқа 25 минутқа саламыз.

Сарымсақ қосылған балғын картоп 
Қажетті азық-түлік: 
- 1 кг жас картоп;
- 1 түп аскөк;
- 4 тіс сарымсақ;
- 1/3 стақан су;
- тұз;
- өсімдік майы;

Дайындалуы: 
1. Сырты жуылған картоптың қабығын ашпай-ақ суға қайнатамыз. Сәл қаттылау болғаны дұрыс. Піскенін тіс шұқығышпен тексереміз.
2. Табаға май құйып, суға піскен картопты орналастырып, орташа отта алтын түстес болғанға дейін қуырамыз. 
3. Сарымсақты, аскөкті майдалап тураймыз, оның үстіне су құйып, араластырамыз. Хош иісті қоспаны қуырылған картоптың үстіне құямыз. Табаның бетін жауып, орташа отта 5 минут ұстаймыз. 

Капрезе 
Қажетті азық-түлік: 
- 250 г моцарелла ірімшігі;
- 20 түйір черри қызанағы;
- 2-3 тал жасыл насыбайгүл (базилик);
- 5 ас қасық зәйтүн майы;
- талғамыңызға қарай: тұз, қара бұрыш, орегано.

Дайындалуы 
1. Моцарелла ірімшігінің жартысын және черри қызанағын екі бөлікке бөліп тураймыз. Насыбайгүді үлкен бөліктерге бөліп тураймыз. Құтыға не шыны контейнерге туралған черри қызанағын, моцарелла ірімшігін және базиликті салып араластырамыз. 
2. Зәйтүн майын тұз, қара бұрыш және ореганомен араластырамыз. Құтыдағы салаттың үстіне құямыз. 
3. Дастарханға ұсынар алдында құтыны бір сілкіп алу керек. 

Бөлісу: