Күріш диетасы - 2

Күріш диетасы - 2
Фото: rudaki.ru

Грейфрут пен болгар бұрышы қосылған күріш диетасын көбінесе Батыс елдері ұстайды. Арықтауға арналған бұл диета ағзаны түрлі дәруменмен байытып қана қоймай, зат алмасу процессін жылдамдатады.

300-350 гр күрішті қайнатып, үш бөлікке бөлеміз: таңғы ас, түскі ас, кешкі ас. Тамақтың алдында 20-25 минут бұрын грейфрут шырынын ішіп, күрішке болгар бұрышының жартысын қосып жейміз. Аталған диета 3 күнге созылады. Егер нәтижеге қанағаттанбай, тағы да артық салмақтан арылғыңыз келсе, күнделікті мәзіріңізге жеміс-жидек, көкөністерді қосып, диетаны ары қарай ұстай берсеңіз болады. Арықтауға арналған күріш диетасын ұстаған кезде көп су ішу керектігін ұмытпаңыз.

Жаңа піскен қияр қосылған күріш диетасы

Жаңа піскен қиярдың 90 пайызы судан құралатындықтан, калориясы аз болса да, оны жеген адам өзін тоқ сезініп жүреді. Бұл аштыққа шыдамайтын адамдар үшін өте тиімді. Қиярды үккіштен өткізіп, күріштің бетіне салып жейміз. Қабығын аршуды ұмытпағанымыз жөн. Диета шамамен 3 күнге созылады.

7 күн ішінде арықтауға арналған күріш диетасы

Арыктауга арналған бұл диета да өте қарапайым. Күріш, жеміс-жидек, көкөністерден құралады. Бірақ көкөніс пен жеміс-жидектің мөлшері күріштен аспағаны жөн. Рұқсат берілді екен деп, оларды көп жей берудің де қажет жоқ. Ал майонез, қант, бұрыш, тұз, тұздық дегендерді мүлдем ұмытсаңыз болады.

Қ. Бүйенбай