Аспаз бойжеткендерге арналған кеңестер #2

Аспаз бойжеткендерге арналған кеңестер #2

Бойжеткендердің барлығы бірдей тамақ жасауды ұнатады деп айту қиын. Бірі анасының дәмді тамағын жеп дағдыланса, екіншісі сабақтан немесе жұмыстан шаршап келетіндіктен, тамақ жасауды ұнатпайды. Бұдан өзге сүйікті жар атанып, туған-туысқандарын дәмді тағамдарымен қуантатындары да көп. Тамақты қандай жағдайда дайындасақ та, төмендегі кішкене қулықтарды біле жүрейік!

- Піскен соң қатты болып қалатындықтан, етті қуырмаған жөн;

- Егер картоптың тез піскенін қаласаңыз, суға бір қасық май немесе маргарин қосыңыз;

- Картопты гарнир ретінде дайындасаңыз, суға лавр жапырағын, бір бас пияз салыңыз. Осылайша тағамның дәмі ерекше болады;

- Картоптан жасалған котлеттің көлемді болғанын қаласаңыз, арасына көпсітілген ақуыз қосыңыз;

- Егер сиыр етінің сөлін сақтап қалғыңыз келсе, духовкаға салмас бұрын қуырып алыңыз. Осылайша қызарып, сөлі сыртқа шықпайтын болады;

- Турама ұсақ болған сайын, котлет те шырынды болады. Сондықтан, етті еттурағыштан бірнеше рет өткізіңіз;

- Духовкідегі тауық етінің беті қызарып, өзі әлі піспегенін байқасаңыз, бетін майланған пергамент қағазбен немесе жұқалтырмен жабыңыз.

- Балдыр сасып тұрған балықты тұз бен сірке суы араласқан қоспада жуу керек. Сол кезде жағымсыз иісі кетеді;

- Бауырдың сыртқы жабындысын аршу үшін бір минутқа ыстық суға салып қойсаңыз жеткілікті;

- Бауырды қуырмас бұрын 1 сағатқа сүтке салып қойсаңыз, дәмді болады;

- Сосисканы буға пісірсеңіз дәмді болады;

- Кез келген еттен дайындалған тағамның ішінен қызыл шырын шықпауы тиіс. Денсаулыққа зиян келтіретіндіктен, үлкен кесектердің арасын кесіп тексеріңіз;

- Сөлі кетіп қалатындықтан, етті еріткен кезде оны жылы жерге қойып, үстіне су құюдың қажеті жоқ;

- Турамаға қосатын пиязды еттурағыштан өткізбей, үккіштің көмегімен майдалаған жөн;

- Котлеттер дәмді болу үшін аса ыстық емес табада қуырып, артынша духовкіге қойыңыз;

- Ең таза деген еттурағыштың өзін пайдаланбас бұрын жылы сумен шайған абзал;

- Еттің жұмсақ болып піскенін қаласаңыз, бірнеше сағатқа сүтке салып қойыңыз;

- Орамжапырақты қуырған кезде үстіне су қосыңыз;

- Майдың үстіне сәбіздің бірнеше домалағын қойсаңыз, қуырылып жатқан ет табаға жабыспайды;

- Ет турауға арналған тақтай мен пышақты ыстық сумен ғана жуған дұрыс;

- Жұмыртқа омлетінің көлемді болғанын қаласаңыз, қоспасының құрамына сүт пен су қосыңыз. Табаға салмас бұрын жақсылап араластырыңыз.

- Кез келген духовкіде дайындайтын етті фольгаға орасаңыз, сөлі өзінде сақталып, дәмді піседі. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: cba.ca

Қ. Бүйенбай