Массагеттен мәзір: Ашыған көже

Массагеттен мәзір: Ашыған көже

Алда жаз мезгілі келе жатыр. Маусымның аптап ыстығында таңдайымыз кеуіп, үздіксіз су ішумен болатынымыз жасырын емес. Бүгінгі мен дайындаған сусын шөлді қандырып қана қоймай, денсаулыққа зор пайдасын тигізеді.

Ашыған көже – көшпелі ғұмыр кешіп өткен қазақ халқының төл сусыны. Құрамындағы дақылдар сізге қуат беріп (көктемде адамның әлсірейтінін білесіз), сұйығы шөліңізді қандырады. Көже тақырыбы З.Ахметованың "Бабалар аманаты" кітабында жақсы айшықталған. Ол туралы мына жерден оқи аласыздар. 

 

 

Құрамы:

500 гр айран

200 гр түйілген бидай 

200 гр түйілген жүгері

су

тұз

 

 

 

 

Жоғарыда айтқанымыздай жүгері түйілген болуы керек. Апаларымыз оны келі арқылы түйіп дайындайды. Оған мүмкіндігіңіз болмаса, түйілген жүгеріні дүкеннен сатып алуыңызға болады.

Алдымен, жүгеріні бірнеше қайтара жуамыз. 

 

  Бидайды да дәл солай суымыз тап-таза болғанша жақсылап жууымыз керек.

 

  Екеуін де шұңғыл ыдысқа салып, ыдысты толтыра су құямыз. Тағам ұзақ қайнайтындықтан суды неғұрлым көп құйған жөн. Ыдысты отқа қойған соң, бір жарым сағат күтеміз. Бидай мен жүгері жарылып, жұмсақ болып пісуі керек. Тұз қосуды ұмытпаңыз.

 

  Дайын болған көжені суытып, айран қосасыз. Әбден араластырғаннан кейін тоңазытқышқа немесе салқын жерге қойған дұрыс. Кейбір адамдар мұны суық күйінде ішсе, екіншілері бірер күн ашытып барып ішеді.

Ашыған көжеміз дайын! Асыңыз дәмді болсын!

Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева

Осы тағамға ұқсас Наурыз көженің дайындалуы мына жерде

Е. Қайрахан