Жаңа жылға азық-түлік сатып алу

Жаңа жылға азық-түлік сатып алу

Жаңа жыл – сыйлықтардың, шыршалардың, жылтырақтардың, көтеріңкі көңіл-күйдің ғана емес, асқазанның да мерекесі. Бұл мерекеде жыл бойы ауыз тимеген, бұрын-соңды жасамаған және ең сүйікті тағамдарымызды дастарқан төріне шығарамыз. Және қонақ күтеміз. Иә, қонақтар бұл күні басқа күндерге қарағанда ерекше көп келеді. Оларды риза ету үшін барымызды саламыз, соңғы ақшамызды шығындаймыз. Алайда, азық-түліктердің қалып қойып, жарамсыз болып қалатындығы көңілімізді түсіреді.

Осындай тығырықтан шығу үшін ең алдымен қонақтарға азық-түлікті дәл есептеуді үйреніңіз. 

Бәрін дұрыс болжау үшін қонақтардың санын біліп алу керек және бір адамға шаққанда мынадай азық-түлік кетеді деп есептеңіз:

ет – 100 гр;

гарнир – 100 гр; 

салаттар – 150 гр;

көкөністер мен көк-сөк – 70 гр;

тіске басарлар – 70 гр;

десерт –  100 гр;

шәй, кофе – 2 шыныаяқ;

сусындар (шырын, минералды сусын) – 2 стақан;

Сонымен, бір адамға арналған азық-түліктің бәрін қосқанда жарты келіден көп шықты. Бұл – әбден жеткілікті.

Енді алдын ала жасайтын мәзірлеріңіз бен азық-түліктің тізімін жасаңыз, содан кейін барып қана дүкенге я базарға аттаныңыз. Неге дейсіз бе, себебі, алдын ала дайындалған тізіммен барған ыңғайлы әрі тез. Өзіңізге не керек екіндігін білгенде ойлану мен күдіктерге артық уақыт шығындамайсыз.

Екіншіден, тізімге сенсеңіз, артық ақша жаратпайсыз, қажетсіз азық-түлікке ұшырамайсыз. Үшіншіден, күшіңізді, энергияңызды сақтайсыз. Ұмыт қалған заттарға қайта жүгіріп не болмаса, күйеуіңізді, бауырларыңызды жұмсап әуреге түспейсіз.

Қандай тағамдар жасайсыз? Оливье? Фунчоза? Торт па? Тіптен басыңыз қатып отырған болса, бірнеше ұсынысымыз бар. Жаңажылдық дастарқанда ең көп желінетін тағамдар төмендегідей:

– мандарин, алма, банан, ананас,

– шұжық, сыр, тауық еті, балық еті, икра,

– қолдан пісірілген дәмді бәліштер, самса, торт, бауырсақ,

– тәтті шоколадтар мен печеньелер, 

– салаттар, ыстық тағамдар (палау, манты, қуырдақ) т.б.

Анықтап алған болсаңыз, мына тапсырмаларды орындаңыз:

– Бірінші тұрған мәзірдің құрамына кіретін ингредиенттерді жазыңыз.

– Қайталанатын азық-түліктерді біріктіріңіз. Мәселен, алғашқыға 3 жұмыртқа, үшіншіге 4 жұмыртқа кететін болса, 7 дана деп жазыңыз.

– Енді үйде бар азық-түліктерді сызып шығыңыз.

– Супермаркетке баратын болсаңыз, азық-түліктерді орналасқан сөрелер бойынша реттеңіз. Мысалы, Магнум мекемелерінің алғашқы сөрелерінде сулықтар, майлықтар, кір жуғыш ұнтақтар содан кейін сусындар тұрады.

– Шимайланған қағазды қайта көшіріңіз немесе компьютерге жазған болсаңыз, шығарып алыңыз.

– Енді азық-түлікке баратын күнді белгілеңіз. 30 желтоқсан күні кешқұрым барлық заттар тоңазытқышта тұратын болады деп мақсат қойыңыз.

– Мұның тағы да бір артықшылығы – тізімге қарап қанша ақша кететіндігін болжауға да болады.

Қосымша тізім

Мұнда қарапайым күндері де қажет болатын және жиі ұмытылып кететін азық-түліктерді жазайық:

– Нан

– Тұз

– Қант

– Дәмдеуіштер, соус (қара бұрыш, қызыл бұрыш, қыша, уксус т.б)

– Шәй, кофе

– Сүт немесе құрғақ сүт

– Оттық

– Майлықтар және қағаз майлықтар

– Ыдыс жуғыш ұнтақ

– Қырғыш темір

– Дастарқанды безендіруге керекті азық-түліктер (жаңа піскен аскөк, ақжелкен, салат жапырақтары, черр қызанақтары, зәйтүн майы, лимон т.б)

Әрбір жайған дастарқаныңыз берекелі, әрбір күніңіз мерекелі болсын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com

С. А