Ұн сұрыптарының айырмашылығы қандай?

Ұн сұрыптарының айырмашылығы қандай?

Ұн неліктен сұрыптарға бөлінеді? Олардың бір-бірінен айырмашылықтары неде? Бүгін ұнның түрлі сұрыптары жайлы айтып, қай сұрып қандай ас пісіруге қолдану керектігін талқылайық.

Қазіргі таңда базар мен дүкен сөрелерінде ұндардың түрлері көп-ақ. Түрлі өндірушілер мен сұрыптар арасында таңдау жасау қиынға соға алады. Көбіміз ұн сұрпы жоғары болған сайын оның сапасы да жақсы болады деп ойлап үйреніп қалғанбыз. Бұл пікір қате екен.

Ұнның түрлі сұрыптары оның қолданысына байланысты бөлінеді. Ұн сұрыптары оның 100 кг дәнінен алынатын дайын өнімнің шамасымен ажыратылады. Сонымен қатар түрлі сұрыпты ұн қаншалықты майда қылып тартылғандығына, қамыр илегенде ұнның жабысу қасиетіне, ұндағы кебекердің болуына байланысты бөлінеді.

Қазірде дүкен мен базарларда сұранысқа ең көп ұн – бидай ұны. Бидай ұнының жоғары, бірінші және екінші сұрыптары бар екендігін білеміз.

Жоғары сұрыпты бидай ұны. Бұл ұнның түсі ақ-сарғылт келеді. Ұн біркелкі, алақанға алып ұстағанда бөтен заттар сезілмейді. Ұнның осы түрі түрлі нан өнімдерін пісіруде ең көп қолданылады. Бұл ұннан пісірілген өнімдер жақсы көтеріліп, біркелкі піседі. Мамандардың айтуынша, жоғары сұрыпты бидай ұнын қатпарланған, ашытқан не құмды қамырға қолданған дұрыс.

Бірінші сұрыпты бидай ұны ұстағанда жұмсақ, майда қылып тартылған, ақшылдау келеді. Бірінші сұрыпты ұнның жабысу қасиеті жақсы, сондықтан одан иілгіш қамыр жасауға болады. Ерекше пішінді, үлкен көлемді нан өнімдерін дәл осы ұннан пісірген дұрыс. Бәліштер, нандар, құймақтар, кеспе, жайма осы ұннан жақсы шығады.

Екінші сұрыпты бидай ұны - ұн арасындағы дәрумендер мен микроэлементтерге бай болады. Бұл ұннан нанның түр-түрлері, печеньелер пісіріледі. В1, В2, РР, Е дәрумендері мен ақуыздар осы екінші сұрыпты ұнда болады. Түсі жағынан ол жоғары сұрыпты және бірінші сұрыпты ұндардан күңгірт, құрамында кебектер болуы мүмкін. Алайда бұл – ең пайдалы бидай ұны.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: zakupka.tv

С. А