Қымбат тағамдардың орнына

Қымбат тағамдардың орнына

Дәмді, ерекше тамақ пісіруге ниеттеніп, алайда қолжетімді азық-түліктен әзірленетін мәзір табу оңай емес. Сол кездері кейбір қымбат, таба алмаған азық-түліктерді арзан түрлерімен алмастыруға болады.

Қоңыр қантты кәдімгі қарапайым ақ құмшекермен алмастыруға болады. 

Бәліштер пісіруге арналған арнайы ұнтақ (қамыр қопсытқыш) бітіп қалған жағдайда, оның орнына лимон шырыны тамызылған ас содасын қолданыңыз.

Соя ұны көптеген мәзірлерде кездеседі, алайда оны дүкендерден кездестіре бермейміз, үйімізде де болуы екіталай. Мұндай кездері еш қорықпастан кәдімгі бидай ұнын қоса беріңіз.

Тамақтың дәмін келтіру үшін жиі жағдайда мәзірлерде лимон шырынын қосуға кеңес береді. Қол астында лимон болмайтын жағдайда лимон қышқылын қолданыңыз (ұнтақ ретінде сатылады). 

Егер сіз күнде тәтті торт пісірмесеңіз, қымбат, әрі тез бұзылатын ваниль эссенциясын алмай-ақ, 0,5  гр ваниль эссенцияны 0,037 гр қарапайым ванилин ұнтағымен алмастырыңыз. 

Крахмал қанты немесе патока қолдану керек болса, оны дүкендерден іздемей, қарапайым қант қоса беріңіз. 1 кг патока – 750 грамм қант.

Лайм немесе оның шырынын қосу керек мәзірлерге лимонды қорықпастан қосыңыз.

Жүгері крахмалының орнына картоп крахмалын қолдана беріңіз. Айта кетсек, картоп крахмалы барлық дүкендерде арзан бағаға сатылады. 

Үйеңкі шәрбатын балмен алмастыруға болады.

Шет елде көп қолданылатын бальзам иісті сірке суы (бальзамический уксус) біздің дүкендерде жиі кездесе бермейді. Оның орнына қарапайым шарапты сірке суын қосып көріңіз. 

Кокос сүтін тұздық жасауға жиі қосады. Ал сіз оның орнына майлы емес (10–15%) қаймақ, ал тәттілерде қарапайым сүт қосып жасаңыз.

Папайя атты тропикалық жемісті біздің қауынмен алмастыруға болады.

Тәттілерге қосылатын шоколад болмаған жағдайда, 3 ас қасық какао ұнтағы мен 1 ас қасық сұйық май қолданыңыз.

Қаймақ қосылатын тағамдарға йогурт, ал йогурт қосылатын тағамдарға қаймақ қоса беруге болады.

Көпіршітілген кілегейдің орнына қоюлатылған сүт пен 1 шай қасық лимон шырынын қосыңыз. Оны да көпіршітіп алған дұрыс.

Жапондықтардың васаби тұздығының орнына қыша тұздығын қолдануға әбден болады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: tandir.com.ua

С. А