Лаймға лайықты болыңыз

Лаймға лайықты болыңыз

Лайм – Үндістанда өсетін цитрус тұқымдас өсімдіктің жемісі, генетикалық тұрғыдан лимонмен ұқсас келеді. Әлем елдері кейде оны лима немесе жасыл лимон деп атап жатады. Лаймның отаны Малакка жартылай аралы саналады. Лаймды өсіру мәдениеті Монтсеррат (Кіші Антиль аралдарынан) аралында өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан етек алды.

Лайм – лимонның жақын туысы әрі өте ұқсас болғанымен, лаймды кейбір салаттар мен койтейльдерде ештеңе алмастыра алмайды. Кейбір жағдайларда лимоннан да пайдалырақ келеді. Көп адамдар лаймды "кішкентай лимон" деп атап жатады, бұл мүлде дұрыс емес. Оның субтропикалық лимоннан басты ерекшелігі – тропикалық климатты қажет ететіндігінде жатыр.

Жаңа піскен лайм өте берік, қабығы тегіс және сары-жасылды болуы керек. Түйіршіктелген еті нәзік, шырынды, ащы дәмді келеді.

Аспаздық саласында тағамдар мен сусындарға қышқылдық, хош иіс беру үшін пайдаланылады. Жоғарыда атап өткеніміздей жасыл цитрусты кейбір салаттар мен койтейльдер үшін ештеңе алмастыра алмайды. Ол Мексика, Вьетнам, Таиланд және Иран асханасында ең басты ингредиент болып табылады. Лайм лимон секілді ет тағамдарымен қойылады, темірдің сіңуін қамтамасыз етеді. Алма, алмұрт, өрік, шабдалы сынды жемістерден жасалған салаттарда атқаратын рөлі үлкен. Ал лайммен безендірілген коктейльді өзіңіз де көрген боларсыз. Кептірілген жемісі мен жапырағы ирандық көптеген дәмдеуіштердің құрамына қосылады.

Лаймды жылытуға болмайды, ол мұндай жағдайда С дәруменінен айырылып қалады.

Лаймның құрамында А, В, С дәрумендері, калий, кальций, фосфор, железо, тиамин, рибофлавин, пектин бар. Жүрек қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарға лаймды пайдалануға кеңес беріледі. Құрамындағы аскорбин қышқылы мен калий қан тамырлардың жақтарын берік ете алады. Ал фосфор мен кальций тістерді тіс жиегінен және зиянды қыртыстардан сақтап, қызыл иектің қан айналымын жақсартады. Лаймның бойындағы пектин біздің ағзамыздағы уытты заттардың шығуына жағдай жасайды. Асқазан, ішек жолдарындағы ауруды басады.

Лаймның эфир майы асқорыту үдерісін жақсартып, тәбетті жоғарылатады. Лайм шырынын антисептикалық, антивирустық құрал деуге әбден болады. Оны медицина саласында ұшықты, сүйелді, папилломманы (тері мен оның шырышты қабаттарында өсетін сүйелше ісік), безгекті, суық тиюді емдеу үшін қолданады.

Косметологияда лайм шырыны кремдер мен лосьондардың құрамына қосылады. Ол тері клеткаларын белсенді етіп, нәрлендіреді, ағартады,әжімдердің алдын алады.  Шаш пен тырнақты қатайтуға қабілеті бар. Лайм сығындысының парфюрмерия мен ароматерапияда өзіндік орны бар. Лайм жүйке жүйесін тыныштандырып, көңіл-күйді көтеріңкі етуімен де жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүр.

Қызықты деректер

ХІХ ғасырда британдықтар «Limey» деген лақап атты иемденген. Себебі, британдық теңізшілердің лаймның тілімдерін шайнайтын дәстүрі болған екен. Үндістанда лаймның теріс күштерді айдайтын қасиетіне сенеді. Олар лайм тілінділерін аурдың бас жағына іліп қойып, тез айығып кетуін тілеген.

Лаймның калориялығы – 30 ккал. Тағамдық құндылығы – 0,7 г ақуыз, 0,2 г май, 7,74 г көміртегі.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: 2wall.ru, flickr.com