ЖАЗИРА БАЙЫРБЕКОВА, әнші: «Әлемдегі ең сұлу өзім деп біліңіз...»

ЖАЗИРА БАЙЫРБЕКОВА, әнші: «Әлемдегі ең сұлу өзім деп біліңіз...»

Әдемі әндерімен тыңдарманның көзайымына айналған, қазақ эстрадасындағы жұлдызды жұптардың бірі — Жанболат пен Жазира. Өнерде де, өмірде де үйлесім тапқан бұл жұлдызды жұптың сыртқы сымбаты да көрген көзді тәнті етеді. Жазира Байырбекованың сұлулық сырларымен бөлісу мақсатында, бірнеше сұрақтарымызды қойған болатынбыз. Әншінің жауаптары назарларыңызда:

Жазира, ел алдында өнерін паш етіп жүрген ханымдардың көбі сұлу болып келеді. Сіздің сұлулығыңыздың сыры неде?

—   Сұлулық, меніңше, Алла тағаладан келген бақ. Сонымен қатар, сахнаның киесі болу керек, ол  төріне шығарған кез келген әншіні жайнатып жібереді. Алуан шамдар мен жарықтар, халықтың назары әдемі болып көрінуге септігін тигізеді. Мен өзімді айтарлықтай сұлумын деп айтпаймын. Бірақ, түсірілім алаңдарында, сахнада өзімді ерекше сұлу сезінемін. Ал өмірде көп қыздан айырмашылығым жоқ, қарапайым ғана әйелмін.

“Қыздың көркі — шаш” дейді. Шаш күтімінде қандай әдістерді пайдаланасыз?

—   Кереметтей әдіс таппадым. Шаш әдемілігін сақтау үшін оны таза ұстау маңызды. Айына бір немесе екі рет ошаған майын (репейное масло) жағамын. Ол шаштың жылтырауына, әдемі өсуіне көмектеседі.

Сахналық емес, күнделікті киімдеріңізге қалай таңдау жасайсыз? Қазіргі таңда арнайы дизайнерлердің қолынан шыққан киімдерді кию сәнге айналған...

— “Адам көркі шүберек” деген сөз орынды айтылған. Әйел келбетінің әдемі болып көрінуі — денесіне жарасымды қонған көйлегінен деп білемін. Соңғы кездері Отандық дизайнерлеріміз шығарған киімдерге тапсырыс беріп жүрмін. Шетелдік дизайнерлердің “бренд” киімдерін де аламын. Бірақ, бір байқағаным, отандық дизайнерлеріміздің ұсынып жүрген киімдерінің бағасы әлдеқайда төмен болғанымен, шетелдік “бренд” киімдерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Олар шетелден әкелінген және “бренд” деген атауымен ғана сәнді. Күнделікті образдарымның барынша жарасымды болуымен қатар, қарапайым әрі ыңғайлы болуына мән беремін.

Қаракөз сіңлілеріңізге қандай кеңесіңізді берер едіңіз?

—   Қазақ қыздары  шеттерінен көрікті. Психологтардың айтуы бойынша, әр қыз бала өзін-өзі сұлумын деп сезінуі тиіс. Сол кезде айналасындағы жандарға да сұлу болып көрінеді. Бұл әдісті өзім дұрыс пайдаланбаймын. Бірақ, әсері бар көрінеді. Қыздар, бірінші өзгені емес, өзімді сұлумын деп есептеңіздер!