Шаштың жиі түсуін қалай тоқтатамыз?

Шаштың жиі түсуін қалай тоқтатамыз?
Фото: pixabay.com

Кез келген қыз шашының қалың және күтімді болғанын қалайды. Алайда қолайсыз факторларға байланысты шаш жиі түсе бастайды. Бұл жағдайда не істеуге болады?

Шаштың түсуі - барлық адамда болатын қалыпты физиологиялық процесс. Алайда норманы патологиядан айыра білу керек. Күніне біз 30-100 шаш жоғалтамыз. Үйде қарапайым тест жасаңыз: шаш бұрымын алып, саусақтарыңызбен бір өтіңіз. Егер қолыңызда 3-5 шаш қалса, ол қалыпты. Егер одан көп болса, ойлану керек.

Сондай-ақ мына жағдайларда шаш саулығына мән беру керек:

- фенмен кептірген соң шаштың көп түскенін байқадыңыз;
- ұйқыдан тұрғанда жастықта көп шаш қалған;
- шашты тарағаннан кейін тарақта көп шаш қалады;
- шаш көлемін жоғалта бастады.

Шаштың жиі түсуінің негізгі себептері:

- Қоректік заттардың жетіспеуі;
- Созылмалы аурулар;
- Шашты күннен, желден және суықтан қорғамау;
- Тұқымқуалаушылық;
- Бас терісі аурулары;
- Дұрыс емес күтім;
- Жас ерекшелігі;
- Шашқа механикалық әсер.

Шаштың жиі түсуін қалай тоқтатамыз?

Рационды реттеңіз

Ағзаны қоректік заттармен қаматамасыз етіңіз.  Шаштың өсуіне әсіресе А, Е, С және В тобы дәрумендері қажет. Маңызды микроэлементтерге темір, мырыш, марганец, кремний, магний және кальций жатады. Рационға көбірек ақуызды өнімдер, тұтас дәнді нан, қарақұмық және сұлы жармасын қосыңыз. Рационда міндетті түрде көкөністер, жемістер, ет, теңіз өнімдері, бауыр, жаңғақтар, сүзбе, жұмыртқа, бұршақтылар болуы керек. Арнайы дәрумендік қосымшалар қабылдауға болады. Бірақ оны дәрігер кеңесімен алған жөн.

Ағзаңызды тексертіңіз

Гормондарды, асқазан-ішек жолы, ұйқы безі және бас терісін тексертіңіз. Анализдерді алған соң терапевтке қаралып, қажет болса, басқа мамандарға жолдама алыңыз.

Толыққанды демалыңыз

Күйзеліс шаштың жиі түсуіне әкеледі. Сондай-ақ ол созылмалы шаршаңқылық пен ұйқысыздық тудырады. Сондықтан әр нәрсені көңіліңізге алмауды үйреніңіз, күніне 8 сағаттан аз ұйықтамауға тырысыңыз және уақытылы демалыс алуды ұмытпаңыз.

Басты қажетіне қарай жуыңыз

Көпшілік басты барынша сирек жууға кеңес береді. Алайда бастың шаш өсетін жерінің секрециясы түрлі факторларға және бас терісі типіне байланысты.

Егер басты сирек жусаңыз, ол ұсақ тесіктердің қатты бітеліп қалуына әкелуі мүмкін. Май, тері, шаш құралдарының қалдықтары, шаң және басқа да ластықтар бас терісінің тыныс алуына кедергі жасайды. Нәтижесінде, шаш күңгірттеніп, қабынады және шаш баяу өседі.

Бас массажын жасаңыз

Шаштың өсуіне бас массажы жақсы көмектеседі. Басты әр жуар алдында 15-минуттық жеңіл массаж жасаңыз. Арнайы массаж жасайтын құралдар да қолдануға болады.

Шаш күтіміне мән беріңіз

Шаш күтіміне арналған құралдарды мұқият таңдау керек. Шаш түсуімен күресуге және шаш өсуін белсендіруге бағытталған құралдарға мән беріңіз. Мұндай құралдарды шаш маманының кеңесімен алсаңыз, тіпті, жақсы.

А. Жапатова