Арықтау үшін читмилді қалай жасау керек?

Арықтау үшін читмилді қалай жасау керек?
Фото: ru.freepik.com

Диета кезінде өзіңді жоспарланған кестеде ұстау оңай емес. Жеуге болмайтын кез келген өнім диета кезінде ерекше дәмді көрінеді. Тыйымдарды жеңілдету үшін және «тағамдық депрессиядан» арылу үшін көмекке читмил келеді. Читмил — бәрін жеуге болатын күн. Тыйымдарсыз күн тиімді ма және оны қалай дұрыс жасау керек?

Читмил (cheat meal) «тамақпен алдау» деп аударылады. Қатаң диетаны ұзақ уақыт бойы ұстап көрген адамдар «тағамдық депрессия» жағдайына шалдығады. Бұл кезде сүйікті десертіңізді немесе басқа да жеуге болмайтын тамақты қатты жегіңіз келеді. Мұндай кезде читмил көмектесе алады. Ол өз мақсатыңызға жету үшін мотивация жоғалтып алмауға көмектеседі. Бұл күні тыйым салынған «тәтті тамағыңызды» жей аласыз.

Читмилге қашан жүгінеді? Ол пайдалы ма әлде зиян ба? Бұл туралы нақты айту қиын. Ол көптеген факторларға байланысты: жалпы денсаулық жағдайы, май және бұлшықет мөлшері, төзімділік деңгейі, диета ұзақтығы, салмақ азаю динамикасы, жеткен нәтижелер.

Читмилді өте жиі жасауға болмайды және оны жасау жиілігі әр адамда әрқалай болуы мүмкін. Мысалы, шымыр денелі адам өзіне аптасына бір рет читмил жасауға рұқсат бере алады. Онда да күні бойы емес, тек екі сағатқа. Артық салмағы бар адам 2-3 аптада бір-ақ рет читмил жасағаны жөн. Читмил жасау диетаның басқа күндері шыдамай, әр нәрсені жеп кетуден қорғайды. Сондай-ақ, читмилге арнаған күні өзіңізді тәтті бірдеңемен еркелететініңізге сенімді боласыз. Мұндай сенімнің болуы диетаны дұрыс сақтауға көмектеседі.

Читмилдің мейрамға, қонақ баратын немесе достармен кездесетін күнге сәйкес келгені жақсы. Читмил жасайтын күнді алдын ала жоспарлау керек:

- Читмил тек қатаң тамақтану жүйесін сақтау кезіне арналған. Басқа жағдайларда бұлай тамақ жеу калорияның тәуліктік нормасын асырып жіберіп, салмақ қосып алуға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл кезде жейтін тамақтың калориясы 1500 ккал-дан аспағаны дұрыс.

- Читмил күні негізгі тамақтану рационын сақтаңыз. Сіздің сүйікті тамағыңыз — негізгі рационға бір ғана қосымша.

- Оны кешке жайрақ жасамаған жөн. Ағза ұйықтағанға дейін артық калорияны жұмсап үлгеруі тиіс. Читмилге арналған ең жақсы уақыт — күндізгі қарқынды жаттығудан кейінгі кез. Бұл кезде метаболизм жылдамдығы өте жоғары. Сондай-ақ, сағат 16:00-17:00 арасы да читмилге арналған жақсы уақыт: бұл кезде инсулиннің физиологиялық босауы болады.

- Читмил кезіндегі тамақты теледидар қарап отырып немесе гаджеттерге алаңдап отырып жемеген дұрыс. Әйтпесе, бақылаусыз өте көп жеп қою қаупі бар.

- Сүйікті тамағыңызды тыныш жерде жеп, одан рахат алыңыз. Тыйым салынған тамақты жегеніңіз үшін өзіңізді кінәлаудың қажеті жоқ. Әйтпесе, читмилдің негізгі мәні жоғалады.

- Сүйікті тамағыңызды өзіңіз дайындаған жақсы болады. Қол астындағы нәрсені жей салмас үшін қажетті азық-түлікті дүкеннен алдын ала әкеліп қойған дұрыс.

А. Жапатова