Шашқа қалай көлем береміз?

Шашқа қалай көлем береміз?
Фото: Xavier Mouton, Unsplash.com

Шаштың ұзындығына, түсіне немесе сапасына қарамастан шаш түбіне берілген көлем оған сау әрі әдемі түр сыйлайды. Бұл, әсіресе, табиғатынан шашы қалың емес қыздар үшін маңызды. Шаш түбіне көлем беруге көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз.

Шашқа арналған сусабындар мен бальзамдарды дұрыс қолданыңыз

Шаш түбіне көлем беруде шаш жуу процесі маңызды рөл атқарады. Шаш мамандары сусабынды тек шаш түбіне жағуды ұсынады. Сол барлық шаш ұзындығын тазартуға жетеді. Ал бальзамдар мен маскаларды, керісінше, шаштың түбіне тигізбей, тек ұзындығына жағу керек. Сол кезде шаш төбедегі табиғи көлемін жоғалтпайды, жылтыр әрі тегіс бола түседі.

Көлем беруге арналған құралдарды тек шаш түптеріне жағыңыз

Көлем беруге арналған құралдардың көпішілігінде шашты қатты ететін заттар болады. Тіпті, кейде сондай құралдарды жаққан кезде шаштың қытырлағанын естуіңіз де мүмкін. Егер оны шаштың барлық ұзындығына жақсаңыз, шашыңыз қатты және ұйысып қалған секілді көрінеді. Сондықтан мұндай құралдарды тек шаш түптеріне жағу ұсынылады. Бірақ оны желке тұсына жақпаңыз.

Көлем беретін шаш үлгісін таңдаңыз

Қыздар көбіне ұзын шаш қысқаға қарағанда әрқашан сау және көлемді көрінеді деп қате ойлайды. Негізінде сол шаш ұзындығының ауырлығынан төбедегі көлем түсіп кетеді. Егер ұзын шашпен қоштаса алмасаңыз, көп қабатты шаш үлгісіне мән беріңіз.

Шашты сүлгімен кептіру әдетінен арылыңыз

Шашты сүлгімен кептіру әдеті бірден бірнеше жағымсыз салдарларға әкеледі. Ол шаш сапасына нашар әсер етіп қана қоймай, сондай-ақ бас терісінде қайызғақтың пайда болуын ынталандырады. Сонымен қатар, ол табиғи шаш көлемін алу мүмкіндігінен айырады.

Шашты фенмен дұрыс кептіріп үйреніңіз

Шаштың түбі көлемді болып көрінуі үшін бас терісін дұрыстап жуумен қатар, оны дұрыс кептіру де маңызды. Ол үшін мына кеңестерге мән беріңіз:

- шашты кептірерден бұрын термоқорғаныш құрал қолданыңыз;
- максималды көлем алу үшін феннің басындағы шоғырлағыш қондырмасын алып тастап кептіріңіз;
- алғашқы бірнеше минут шаштың ұзындығын кептіріп, содан соң ғана түбіне барыңыз;
- егер шашыңыз түзу және жұқа болса, шашты төмен еңкейіп кептіріңіз.

Құрғақ сусабын қолданыңыз

Шаш түптеріне көлем беруге жақсы көмектесетін құралдың бірі — құрғақ сусабын. Бұл әдіс, әсіресе, үйден шығарда бас жуып үлгермейтін қыздарға жақсы келеді. Шашқа көлем беру үшін құрғақ сусабынды аздап шаш түптеріне шашып шығыңыз. Содан соң құралды саусақтарыңызбен массаждық қозғалыстар жасау арқылы жай уқалап жіберіңіз. Құрғақ сусабын тез сіңіп, шашта іздер қалмас үшін шашты аздап фенмен кептіріп жіберу ұсынылады.

Гофре жасап үйреніңіз

Гофре баяғыда сәннен шығып кеткенімен, бұл әдіс төбесіндегі шашқа көлем бергісі келетіндер үшін пайдалы. Басқаларға көрінбейтін жасырын гофрені қалай жасауға болатынын айтамыз:

- жіберілген шашты жақсылап тарап, шаштың беткі бөлігін қыстырғышпен жоғары жинап қойыңыз;
- қалған шашты бөліктерге бөліп, шаш түбінен 2-3 см төменнен бастап гофре жасаңыз;
- содан соң шаштың беткі бөлігін жіберіп, барлық шашты бірге тараңыз. Сол кезде гофре шаш үлгісінің төменгі қабатында қалады. Ол ешкімге көрінбейді, бірақ шаш үлгісіне көлем сыйлайды.

А. Жапатова