Табан терісін қалай жұмсартуға болады?

Табан терісін қалай жұмсартуға болады?
Фото: unsplash.com

Күнде тек аяққа емес, табан терісіне де күш түседі. Ол табан терісінің қатаюына, құрғауына әкеледі және онда сүйелдер пайда болуы мүмкін. Оған қоса, күтімнің жетіспеуі, кей әдеттер мен аурулар да оның өзгеруінің себебі бола алады. Табан терісі проблемасының пайда болуына не әсер етеді және оның жұмсақтығын қалай қайтаруға болады?

Табан терісінің қатты болып кетуінің көптеген себебі бар. Оған ыстық пен ылғал жағымсыз әсер етеді. Мысалы: ғимарат ішінде қысқы аяқ киіммен жүру және қыста жылытқыштар қосылған кездегі ауаның құрғап кетуі.

Ағзаға А және Е дәрімендері жетіспесе, табан терісі қатайып, қатты құрғап кетеді.

Егер ыңғайсыз әрі синтетикалық материалдан дайындалған аяқ киімді жиі кисек, ол аяқтың терлеуіне, қажалуына ықпал етіп, оның сыртқы түрін нашарлатады.

Табан терісінің қатайып, дөрекіленуінің тағы бір себебі — аурулар. Мысалы, дерматит, саңырауқұлақты аурулар немесе қанайналымның бұзылуы.

Құрғақ тері асқорыту, гормонды күй немесе зат алмасу проблемаларын көрсетуі мүмкін. Диабетпен ауыратын және қалқанша без проблемалары бар адамдар өкшенің жарылуына және табан терісінің құрғақтануына жиі тап болады.

Дұрыс таңдалмаған күтім құралдары немесе кей құралдарды жиі қолдану табан жарылуына әкеледі. Мысалы, пилингті өте жиі жасау теріні әлсіз етеді.

Табан терісінің дөрекіленуінің тағы бір себебі — жас ерекшелігіне байланысты болатын гормонды өзгерістер мен зат алмасудың нашарлауы. Сол үшін дене жасушаларды қайта қалпына келтіру процесін сирек жүргізеді. Бұл сыртқы қабаттың қалыңдауына әкеледі. Оған қоса, жас ұлғая келе табандағы қорғаныш май қабаты жұқарып, тері құрғақ бола түседі. Ал ол оның жарылуына және сүйелдердің пайда болуына әкеледі.

Табан терісін дұрыс күтім құралдары арқылы жұмсартуға болады. Бірақ, әсіресе, ашық аяқ киім мерзімі басталған кезде оны жүйелі түрде жасау керек.

Аяққа арналған крем қолданыңыз
Тері жыл мерзіміне және оның сыртқы жағдайына қарамастан, күтімді қажет етеді. Сондықтан ол құрғақтанып, жарылмас үшін аяққа арналған крем қолдану маңызды. Кремнің құрамына мән беріңіз. Оның құрамында альфа-гидроксиқышқылы бар түрін алған жөн. Ол эпидермиске ылғал ұстап тұруға көмектеседі. Ал қатты әрі жарылған тері бөліктеріне ланолин жақсы. Егер теріңіз аллергияға бейім болса, міндетті түрде сезімтал теріге арналған өнімдерді қолданыңыз.

Теріні пемзамен қабыршақтандырыңыз
Теріні қабыршақтандыру үшін пемза қолданыңыз. Ол қатты әрі құрғақ теріні оңай кетіріп қана қоймай, оны ұстағанда тегіс әрі жұмсақ етеді. Алайда, металл ысқыштардан немесе сүйелдерден арылатын құралдардан аулақ болу ұсынылады. Себебі олар теріні зақымдауы мүмкін. Теріні жұмсарту үшін алдымен аяққа ванна қабылдаңыз немесе қатты ыстық емес душқа түсіңіз. Пемзаны сулап, қатайған тері бөліктерімен уқалап өтіңіз. Қатты баспай, жұмсақ қозғалыстар жасаңыз. Процедурадан соң аяққа арналған лосьон немесе крем жағу керек. Теріні қосымша қоректендіру үшін майлар қолдануға да болады. Мысалы, ши немесе кокос майы жақсы келеді.

Дұрыс аяқ киім мен шұлық таңдаңыз
Егер табан терісі құрғақ болса, ал өкше жарылуға бейім келсе, дұрыс аяқ киім таңдау маңызды. Сандал сияқты арты ашық аяқ киімдерден бас тартқан жөн немесе оларды жиі кимеңіз. Олар кішкентай зақымдарға әкеледі және табан жағдайын нашарлатады. Сондай-ақ аяқ киім аяқты қыспауы және қажамауы керек. Аяқ терлемес үшін табиғи матадан тігілген шұлық киіңіз. Сонымен қатар, белсенді жүрістен және жаттығудан соң шұлықты міндетті түрде ауыстырыңыз.

Дәрігермен кеңесіңіз
Егер дөрекі табан терісі сізді ұзақтан бері мазалап жүрсе, дәрігердің кеңесін алған дұрыс. Себебі жоғарыда айтылғандай оның себебі саңырауқұлақтар немесе басқа патологиялық аурулар болуы мүмкін. Дәрігер пайда болу себебін анықтап, емделу курсын жазып береді.

Аяқты қасымаңыз
Кейде аяқтың жарылған терісі қышиды. Алайда оны қасысаңыз, ол бактериялардың таралуына әкеледі. Қышыған кезде табанға суық табиғи мата басыңыз немесе жұмсақ тазартып, қабыршағын алып, ылғалдандырыңыз.

А. Жапатова